Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мен үшін ауыр соққы болды": Илья Ильин олимпиада чемпионы атағынан айырған допинг дауы туралы

Осыдан тура бір жыл бұрын Илья Ильин Қызылорда қаласындағы "Мұз айдыны" спорт кешенінің директоры болып тағайындалған еді. Сонымен қатар, атақты зілтемірші ҚР спортшылар одағы аймақтық филиалына жетекшілік етіп келеді. Бүгінде төрт дүркін Әлем чемпионының жұмыс жоспары өте қауырт. Илья Ильин мемлекеттік мекемедегі жұмысынан бөлек, кәсіпкерлікке бет бұруға талпыныс жасауда. Бұл туралы спортшы Stan.kz берген сұхбатында әңгімелеп берді. 

Bkmz

- Қайырлы күн, Илья мырза. Мемлекеттік мекемеде басшылық қызмет жасау – сіз үшін жаңа тәжірибе екені белгілі. Жұмысыңыз туралы айтып берсеңіз?

- Ең бастысы, жұмысым өзіме ұнайды. Спорт кешеніне келетіндердің басым көпшілігі – жастар. Өскелең ұрпақпен араласып, олармен өзара тілдескен адамға шабыт беретінін анық. Мен өткен жылы "Мұз айдынына" келген уақытымда карантин басталып кетіп, біраз уақытқа дейін толыққанды жұмысыма кірісе алмай қалдым. Күзден бастап мұз төселіп, орталыққа келушілерді қабылдаудамыз. Спорттық секциялар мен үйірмелер жұмысын бастады. Расымен, бұл мен үшін жаңа тәжірибе. Есепшілермен жұмыс жасауды үйрендім. Қазір орталықтың материалдық-техникалық базасын нығайтуды қолға алып жатырмын. Ескірген конькилерді жаңартып, жаңадан құрал-жабдықтар алу үшін ұсыныстар дайындап жатырмыз. 

- Сіз белсенді өмір дағдысына үйренген жансыз. Таңертеңнен кешке дейін кабинетте отыру сізді жалықтырмайды ма? Жалақыңыз көңіліңізден шығады ма?

- Шынымды айтсам, мен үнемі кабинетте отырмаймын. Галстукке де үйрене алмай жүргенім рас. Күнделікті маңызды кездесулер болады. "Басшы кабинетте отыру керек" деген стереотипті жоятын кез келді. Бос уақытым бола қалса, жас спортшылармен сөйлескен ұнайды. Негізінен мен спорт секцияларының ішкі мәселелеріне, жаттықтырушылардың жұмысына араласа бермеймін. Еркін форматта еңбек еткен дұрыс. Жалақыға қатысты айтар болсам, осы уақытқа дейін жинаған ақшамның болғанына қуанамын. Басқа айтарым жоқ. 

- Жасыратыны жоқ, спорт – бизнестің көзі. Осыған байланысты сіз де кәсіпкерлікпен айналысуды жоспарлап жүрген жоқсыз ба?

- Қазіргі таңда мемлекеттік мекемедегі жұмысымнан бөлек, жеке бизнеске бет бұрыс жасап жатқаным рас. Бүгінде спорт мектебінің құрылысы жүріп жатыр. Бірақ бұл орталықтың қай бағытта жұмыс жасайтындығы әлі нақты белгісіз. Түрлі жобаларды қарап жатырмыз. Болашақта еліміздің әр қаласында Илья Ильин атындағы спорт сарайларын салуым да мүмкін. Бірақ бұл үшін үлкен дайындық пен қаражат керек. Алдағы уақыт еншісіндегі жұмыстар. 

- Үлкен спортпен қош айтыстыңыз. Дегенмен әлеуметтік желі арқылы жаттығу жасап жүргеніңізді көруге болады?

- Иә. Қазір бұрыңғыдай үлкен жарыстарға дайындалудың қажеті жоқ. Бұрыңғыдай қатаң режимде жаттықпаймын. Бірақ бұл спорттан түбегейлі қол үздім деген сөз емес. Аптасына бірнеше рет спортзалға барып жаттығу жасаймын. Әр адам өзінің денсаулығы мен дене бітіміне көңіл бөлуі керек. Әсіресе, бұрыңғы кәсіпқой спортшыларға бұл өте маңызды. Сол себепте қолым босаған сәтте бірден спортзалға барғанды жөн көремін. 

- Жасыратыны жоқ, допинг дауы абыройыңызға біраз нұқсан келтірді. Бұл жағдай жанкүйерлеріңізге қалай әсер етті деп ойлайсыз? Халықтың сізге деген көзқарасы мен қарым-қатынасы өзгерді ме?

- Бұл жағдай мен үшін ауыр соққы болғанын жасырмаймын. Олимпиада медальдарын қайтарып беруге мәжбүр болдым. Дегенмен отандастарымның маған деген сенімі жоғалған жоқ. Қай жаққа барсам да ыстық ықыластарын білдіріп, қолдап жатады. Спорттан ауылы алыс, бұл жағдайға тереңдей алмаған кейбір азаматтар ғана сыни көзқараспен қарап жүрді. Алайда ең бастысы халықтың сыйластығы артпаса, кеміген жоқ. Мен өз елімнің алдында да, арымның алдында да адалмын. 

- Сіз қазір Қызылордада жұмыс жасап жатырсыз. Осы уақытқа дейін отбасыңыз Нұр-Сұлтанда тұрақтаған болатын. Ата-анаңыз сізбен бірге көшіп келді ме?

- Жоқ ата-анамның Нұр-Сұлтанда өз бизнестері бар. Қызым да сол жақта тұрып жатыр. Әр апта сайын астанаға ұшып баруға тырысамын. Көп уақытымда жақындарым мен қызыма арнағанды жөн көремін. Бүгінде қызым – жасөспірім. Оған көп көңіл бөлу қажет. Негізінен қазір Алматы, Нұр-Сұлтан мен Қызылорданың арасында жүрмін.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Талқылау