Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы әуе рейстері жанданды
Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы рейстер қалпына келтірілді. Аптасына екі рейс орындалатын еді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Қазақстан Республикасы аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2021 жылғы 2 наурыздағы шешіміне сәйкес, Алматы-Душанбе-Алматы бағытында Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тұрақты рейстерді қайта ашуға рұқсат етілді. Тәжікстанда Covid-19 инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі індетке қарсы іс-шараларды күшейту жөніндегі республикалық штабтың шешіміне байланысты бастапқы кезеңде рейстер әр тараптан аптасына 1 рейстен ғана орындалады", - делінген ҚР индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің хабарламасында.
2021 жылғы 14 наурыздан бастап "Эйр Астана" әуе компаниясы Алматы мен Душанбе қалалары арасында аптасына 1 рет (жексенбі күндері) тұрақты рейс орындауды жоспарлап отыр.
Ал Тәжікстан жағынан Алматы мен Душанбе қалалары арасында тұрақты әуе қатынасын 2021 жылғы 18 наурыздан "Somon Air" әуе компаниясы аптасына 1 рейспен (бейсенбі күндері) қайта бастайды деп жоспарланып отыр.
Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компанияларының сайттарында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.