Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көрген де, көрмеген де арманда: Оңтүстік астанада өнер иелерінің қатысуымен музыкалық премияның жеңімпаздары анықталды

Желтоқсан айының алғашқы жұлдызында өнер сүйер қауым тағатсыздана күтетін музыкалық кештердің бірі "Жыл таңдауы" биыл төртінші рет өтті. "Алматы Аренада" қазақ эстрадасының дарындарын біріктірген музыкалық премия қазақстандықтардың жоғары бағасын алды, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Аша Матай және Арман Қоңыр

Биыл музыкалық премия қазақ эстрадасынан өз орнын табуға талпынып, өнерімен көпшілікті тәнті етіп жүрген жас әншілер мен сахна саңлақтарын біріктірді. Жас буын сүйіп тыңдайтын өнер иелері: Darkhan Juzz (Дархан Жүнісбеков) Bonapart, Introvert (Диас Аябек), The Kitchen Songs (Азамат Сыздықов) және Мирас Жүгүнісовтің әндерін жұрт ыстық ықыласпен қабыл алып, әртістермен бірге қосылып шырқады. 

Ресейден келген Amchi (Артем Амчиславский), Ternovoy (Олег Терновой), Filatov & Karas, Burito және украиналық Kazka тобы үздік әндерінен шашу шашып, концертке келген қауымға ұмытылмас естеліктер сыйлады. Олег Терновой тілшілерге берген сұхбатында жаңа жылда жеке концертімен келетінін мәлімдеді. 

Олег Терновой

Көрші Ресей елінен келген отандасымыз Назима Жәнібекованың өнерін қазақстандықтардың басым бөлігі өте жоғары бағалайтыны дәл осы кеште тағы бір мәрте дәлелденді. Әншіні продюсер Ерболат Беделхан "Жыл таңдауы - 2019" арнайы премиясымен марапаттады. 

Жылдың ең айтулы отандық музыкалық премиясына  "Нұр Отан" партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек қатысып, бірталай хит әндердің орындаушысы Ерке Есмаханды өткен туған күнімен, жеңісімен құттықтап, премияның мүсіншесімен марапаттады. 

"Біздің бәріміз жақсы көретін Ерке Есмахан ұлттық шоу-бизнесте үлкен рекордқа жетті. "Қайда?" деген клипі 100 миллион рет қаралды. Елімізде 18 миллион халық бар, соның 5-6 миллионы 10-15 реттен қараған шығар. Мен сізді құттықтаймын. Әрбір адам туғаннан дарынды болады, қасиеті болады. Бірақ көп азаматтар осындай биікке жетпейді. Менің ойымша, Ерке Есмахан үлкен еңбегінің арқасында осындай үлкен жетістікке жетті", - деді Байбек. Оңтүстік астананың бұрынғы әкімі сөз соңында әншіге шығармашылық табыс тіледі. Өз кезегінде әнші мұндай сыйды күтпегенін айтып, алғысын жеткізді. 

Rin'Go, Renzo, Ayumi және Аянат тобының продюсері Алуа Қонарова отандық шоу-бизнеске сіңірген ерең еңбегі үшін марапатталды. Премияға әртістерді марапаттаймын деген оймен келген Қонарова мұндай тосын сыйды күтпеген екен. 

"Сахнаның артында тұрған кезімде маған әртістердің бірін марапаттайсыз, деді. Сол жерде қай әртісті құттықтайтынымды білуге тырысып бақтым. Ешкім айтпаған соң, біраз қобалжыдым. Сахнаға шығып, кімді құттықтайтыныңды білмеген кезде аздап көңіл-күйің түсетіні сөзсіз. Кенет арт жағымнан біреу "Күліңіз" деді. Күлімсіреп, не болып жатқанын түсінбей келемін. Қолыма мүсіншені бергеннің өзінде кімді марапаттайтынымды іздеп қоямын", - деді продюсер Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында

алуа қонарова

Алуа Қонарова және Renzo тобы

"Жыл таңдауы" мүсіншесін жеңіп алғандардың қатарында Miko, Rick 04/07 & Alli, Cali, Mad Men, Ninety One, Eldark, Кәмшат Жолдыбаева, Мирас Жүгүнісов, Азия және Бақай, KeshYou, Арман Қоңыр мен Аша Матай, Мәди Рымбаев пен Bonapart, Нұржан Керменбаев және Adil есімді жас әнші бар. Музыкалық кеште Ирина Қайратовна тобы бірден үш мүсінді алып, үш дүркін жеңімпаз атанды. 

Әли Оқапов пен Мәди Рымбаев

кешю

KeshYou тобы

Жұлдызды жұп Арман Қоңыр мен Аша Матай жүректен шыққан туындылары халық жүрегінен орын тапқанына дән риза екенін тілге тиек етті.

"Біздің тыңдармандарымызға ұнады, жанкүйерлерімізге шүкіршілік етеміз. Жұмысымыздың барлығы сол кісілер үшін атқарылады ғой негізінде, - деді Аша Матай. 

Әрі қарай жұбайының ойын жалғап, Арман Қоңыр жеңіске жетелеген "Ау, жаным" әнін халық ұялы телефондарына және басқа да құрылғыларына жүктеп алып сүйіп тыңдайтынын алға тартты. "Әнді көбінесе жүктеп алып, машинасында тыңдап жүреді жастар. Жақсы біледі. Нағыз хит болды деп сеніммен айта аламын", — деді Арман Қоңыр.

Ал қуанышы қойнына сыймаған Mad Men тобы жеңістен кейінгі көңіл күйлерін ыстық сезіммен сипаттады. 

Mad Men тобы

Шығармашылық кеште өнерде ерең еңбек еткен адамдар бағаланып жатқанда бағдарлама жоспарынан тыс тағы да бір тосын сый боларын ешкім күтпесе керек. "Жыл Таңдауы" сахнасының төрінде әнші  Балжан Бидаштың жігіті үйленуге ұсыныс жасады. Бойжеткеннің не деп жауап бергенін білу үшін мына жерді басыңыз

2019 жылы муызкалық премияны төртінші рет өткізген продюсер Жан Мұқанов жиналған қауымға алғыс айтып, қазақ жерінде қазақтың өнері асқақтай беру керектігін ескерді. 

"Қазақстанға алғаш келген хэдлайнерлер және "Жыл таңдауында" алғаш рет өнер көрсеткен хэдлайнерлер, бұл мүсінше қазақ даласы жайлы естелік болып қалсын",- деді ол.

Музыкалық премияның көрермендері желіде кештен алған әсерлерімен бөлісіп, жылы лебіздерін білдіруде. 
 

Фото: Stan.kz

Талқылау