Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Несиесі кешірілді: Алматы облысында төрт балалы жалғызбасты әке баспаналы болды

Несие мәселесімен "31" арнаға хабарласқан төрт баланың әкесі Мейірбек Аралбаев баспаналы болды. Арнаның араласуымен сөйлеу, есту қабілетінен айырылған азаматтың банк алдындағы несиесі толық кешірілді. Енді төрт балалы әкеге "Харекет" қайырымдылық қоры бес бөлмелі үй сыйлады. Жалғызбасты әкеге жаңа үйдің кілтін әнші Ғаділбек Жанай табыстады.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Мейірбек Аралбаев азамат "Сөздің шыны керек" бағдарламасына карантинге байланысты жұмыссыз қалып, науқас әйелінің емі үшін алған несиесі мен өзінің банктегі борышын өтей алмай жүргенін айтып, шағымданған еді. Тіпті, марқұм жарының басына құлпытас та қоя алмай жүргенін айтқан.

Мұнымен қоса, ол жаңа оқу жылы басталар алдында балаларымды қалай оқытамын деген уайымға салынды. Дегенмен, оның мазасын алған мәселені "Харекет" қоры шешіп берді. Қор халықтан жиналған ақшаға Алматы облысы, Жамбыл ауданы Үмбетәлі ауылынан 5 бөлмелі баспана алып берді. 

Алғаш рет өз баспаналарында дастарқаннан дәм татқан балалардың қуанышында шек жоқ. Тіпті, керемет жаңалықты алдын ала айтпай, тосынсый жасаған қор өкілдерінің тартуын көрген көпбалалы әке көз жасына ерік берді. 

"Харекет" қорының кезекті, яғни 279-баспанасының кілті жалғызбысты әке Мейірбек ағамызға бұйырып отыр. "Харекет" қайырымдылық қорының құрылғанына небәрі 3 жылдың жүзі болды. Қазіргі кезде шынайы баспанаға мұқтаж отбасылардың 279-шы баспанасы осы", - деді  "Харекет" қайырымдылық қорының Алматы қаласы бойынша өкілі Әлімжан Теміров.


Талқылау