Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Не үй, не ақша жоқ": Алматы облысында үлескерлер екі жылдан бері пәтеріне кіре алмай жүр

Алматы облысында үлескерлер екі жылдан бері пәтеріне кіре алмай жүр. Құрылыс бұдан екі жыл бұрын аяқталуға тиіс еді. Бірақ әлі күнге дейін көпқабатты үйдің қаңқасы толық қаланбаған. Баспаналы боламыз деп қуанған жұрттың басым бөлігі алғашқы жарнасын құйып, кейбірі толық төлем де жасаған. Бірақ әлі күнге дейін пәтер жалдап, тіпті туыстарын жағалап жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: кадрдан скриншот

Компаниядан не үй, не қаражатын ала алмай жүргендердің бірі — Рүстем Құрманәлиев. Ол осыдан үш жыл бұрын "Эко парк" тұрғын үй кешенінен пәтер алмақ болып, құрылыс компаниясына 6 миллионға жуық қаражат берген. Баспанасына бір жылда көшуге тиіс болған тұрғын берілген уәде бүгінге дейін орындалмады дейді.

“Осы жерден 2022 жылы 20 пайызын құйып, үш бөлмелі пәтер алдым. Басында күттік. Бір жыл бойы үндемедік. Әне-міне деп келе жатыр. Ең кейінгі жиналыста сәуірде тапсырамыз деген. Сеніп келдік. Барлығы пәтер жалдап жүр. Өзіміздің үйге көшкіміз келеді”, – дейді Алматы тұрғыны Рүстем Құрманәлиев. 

Бұл кешеннен баспана алмақ болғандардың қарасы көп. Жекеменшік пәтеріміз болады деп қуанған 200-ге жуық отбасы енді құрылыс компаниясының бас кеңсесін торуылдап жүр. Алайда бір жарым жылдан бері мардымды жауап алмапты.  

“2022 жылдың желтоқсан айында бізге кілтті, құжатты беруі керек еді. Содан бері құрылыс тоқтап тұр. Бұл жерде мен ғана емес, 200-дей пәтер сатылған. 200 отбасы үйлі болу керек еді. Сырттан неше түрлі сыбыс естіп жатырмыз, құжаты дұрыс емес, төрт үйдің ғана құжаты бар екен деп. Канализация, су мәселесі тұр дейді”, – деп ренжіді алданған тұрғындардың бірі Абай Сауытов.

Қазір тоғыз қабатты зәулім үйдің әзірге екеуі ғана біткен. Ал қатарлас тұрған екі үйдің тек қаңқасы ғана тұр. Құрылыс компаниясының айтуынша, үйді аяқтауға әкімдік рұқсат бермей отырған көрінеді. Тіпті әкімдікпен соттасып, істі жеңіп шығыпты.

“Біз қалаға қосылу шешімін таптық, бірақ өткен жылдың ортасында Қарасай аудандық прокуратурасының ұйғарымы бойынша әкімшілік бізден алғашқы сәулетті жоспарлы тапсырысты қайтарып алды. Әкімдікпен соттасып, сотта жеңіп шықтық. Дегенмен қазір құрылысты жүргізе алмай отырмыз,  өйткені бізге құрылысқа рұқсат талоны берілмей жатыр”, – дейді "Элитстрой" компаниясының өндіріс директоры Татьяна Абугалиева.

Аудан шенділерінің айтуынша, құрылыс жұмыстарының тоқтауына кәріз жүйесі себеп. Толық сараптамадан өткеннен кейін рұқсат беріледі дейді.

“Қазір құрылыс тоқтап тұрған себебі ол жақта инжинерлік желілер қарастырылмаған. Не канализация, не су жоқ. Сондықтан қазір тоқтап тұр. Инжинерлік желілер тартылған кезде құрылыстары ары қарай жалғасады. Қазір екі үй аяқталып тұр, ар жағындағы үшінші, төртінші үйлер тоқтап тұр”, – деп түсідірді Қарасай аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дәурен Жапаров.

Ал құрылыс компаниясы мен әкімдіктің арасында сабылған жұрт "енді мәселеміз шешілмесе, сотқа шағымданамыз" деп отыр.

Айта кетейік, Алматы облысында "Торедо" құрылыс компаниясының үлескерлері де үйлеріне қоныстана алмай жүргенін айтып, шу шығарды. Айтуларынша, компания осыдан 2 жыл бұрын 6 тұрғын үй кешенін салуды бастапты. Бірақ бірде-бір баспана әлі күнге дейін аяқталмаған.

Үлескерлердің есебінше, серіктестікке құйылған қаражаттың көлемі 2,5 миллиард теңге. Осыған қатысты қылмыстық іс қозғалып, қазір компанияның бас директоры ғана қамауда отыр. Бірақ қалған мүшелері халықтың ақшасына дүние-мүлкін сатып алып, еркіндікте емін-еркін тайраңдап жүр дейді ашулы үлескерлер.

Талқылау