Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жертөлесі нәжіске толған Петропавл тұрғындары кәріз суына батып отыр

Әкімдік көпқабатты бес үйді мүгедектігі бар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған және көпбалалы отбасыларға жыл басында жалға берген. Үй тұрғындары 100 пәтерден ағып жатқан лас су екі айда жертөлені басып қалды деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Кәріз суының кесірінен көбінің пәтері ылғалданып, құрт-құмырсқа қаптаған. Туғанынан жетім қалған Фарида Жүсіпова 14 жылдан кейін кезегі келіп, жаңа үйден пәтер алған. Алайда көптен күткен қуанышы ұзаққа созылмады.

“Осында тұрғаныма жарты жыл да болған жоқ. Үйдің сапасы сын көтермейді. Біз өзіміз жөндейін десек, үй біздікі емес. Әкімдіктің балансында болған соң ештеңе істей алмай отырмыз”, – дейді Фарида Жүсіпова.

Ерекше күтімді қажет ететін баласы бар тұрғын да ұлының денсаулығына алаңдаулы.

“Есікті ашсаң, иістің бәрі үйге кіреді. Енді анау иіспен дем алу мүмкін емес. 6 баламен 5-қабатта тұрамыз, иіс 5-қабаттың өзінде шығады. Үлкенім мүгедек, демалғанда, тамақ жолдарына, бронхитына қиын. Барлығынан бұрын соларға өте қиын”, – дейді Қарлығаш Адасбаева.

Әкімдік бұл мәселеден хабардар. Олардың айуынша, бұл мәселенің әлі күнге дейін шешімін таппауына белгілі бір себептер бар.

“Сорғы станцияларындағы жүктеменің көбеюіне байланысты екі сорғы істен шықты. Бүгінде қажет құралдардың барлығына тапсырыс берілді. Олар келе жатыр. Келгеннен кейін толық орнатылады”, – дейді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.

Талқылау