Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Назарбаевтың отбасын өмір бойы ел салығына асырау мәселесі референдумға шығарылады: Желіде ақпарат таралды

Telegram-чаттарда 5 маусымда өтетін референдумда Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелеріне қол сұғылмайтынына кепілдік беретін және өмір бойы халықтың салығы есебінен асырауға мүмкіндік беретін түзетулер қабылданатыны жайлы ақпарат тарады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Stopfake.kz порталына сілтеме жасап. 

ҚР Әділет министрлігі бұл мәліметті жоққа шығарды.

Ведомствоның хабарлауынша, Тұңғыш Президент мәртебесіне қатысты Конституцияға енгізілетін түзетулерге сәйкес үш норма өзгереді.

Бірінші. 42-баптың 5-тармағының екінші бөлігі алып тасталады, оған сәйкес бір адам қатарынан екі реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды. Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайды.

Екінші. 46-баптың 4-тармағы алып тасталады. Онда Тұңғыш Президенттің мәртебесі мен өкілеттіктері Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалатыны жазылған. Қазіргі уақытта Тұңғыш Президенттің құқықтық мәртебесі "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" жеке Конституциялық заңмен реттеледі.

Тұңғыш Президентке және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі мүлікке қол сұғылмаушылық аталған Конституциялық заңда белгіленген. Өз кезегінде, аталған норма Конституциядан алып тасталған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасын Конституция нормаларына сәйкес келтіру үшін осы заңды жою қажет болады.



Үшінші. Тұңғыш Президенттің аталуы Конституцияның 91-бабының 2-тармағынан алып тасталады. Конституцияның 91-бабының 2-тармағына сәйкес Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның Негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді.

Тұңғыш Президент мәртебесіне қатысты аталған ережелерді алып тастау ұсынылды.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне және оның отбасына жаңа кепілдіктер беруді көздемейді.

Керісінше, Конституцияға өзгерістер енгізу туралы заң жобасында Тұңғыш Президент мәртебесіне қатысты барлық нормаларды алып тастау ұсынылды.

Демек, Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл отбасы мүшелерін салық есебінен ұстауға кепілдік беретін түзетулер референдумға шығарылатыны туралы ақпарат – фейк.

Талқылау