Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Назарбаев университеті 100-ден астам қазақстандық ғалымды шетелден отанына қайтарды

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 1990 жылдары елімізден 40 мыңнан астам білікті ғалымдар шетелге кеткен. Оларды Қазақстанға қайтарып, ғылымды дамытуға ынталандыру үшін мемлекет кейінгі жылдары жағдай жасап, атсалысып жатыр. Қазір өзге мемлекеттерде 700-ге жуық қазақстандық ғалым түрлі ғылыми орталықтарда жұмыс істейді. Жетекші зерттеу университеті NU (Назарбаев университеті) 13 жылда 100-ден астам жетекші ғалымды елге қайтарған.

Меритократияға, академиялық адалдық стандарттарына, сондай-ақ талантты жас ғалымдарды тарту үшін NU-да “Postdoctoral Scholars” арнайы бағдарламасы бар.

Бүгінде THE рейтингі бойынша әлемнің ТОП-30% үздік жоғары оқу орындарына кіретін университетте 170 оқытушы бар. Оның 30%-дан астамы – қазақстандықтар. Сонымен қатар NLA зерттеу орталығында әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алған, зерттеу жұмыс тәжірибесі бар, отанына жұмыс істеуге оралған 140-тан астам қазақстандық ғалым бар. Ал 2000-нан астам жас зерттеушілер оқумен қатар университет зертханаларында жұмыс істейді.

"Соңғы бірнеше жылда NU шетелден дарынды қазақстандық зерттеушілерді тарта алды. Олардың ішінде өз тиімділігін көрсетіп, қатерлі ісікке қарсы препарат ойлап тапқан профессор Дос Сарбасов, күн энергиясының тиімділігін сутегіге дейін арттыру бойынша жұмыс істейтін Нұршат Нұраже, электроинженерияда маманданған Ахан Алмағамбетов, первостикті күн элементтерін әзірлейтін Асхат Жұмабеков, робототехника мүмкіндіктерін дамытушы Анара Сандығұлова, тұрақты даму және ресурстарды талдау саласындағы маман Зәуреш Атаханова, Орталық Азия зерттеулері саласындағы РНD. Азиз Бурханов және басқалары бар.
NU "ақыл ағымын" бір арнаға тоғыстыру үшін көп деңгейлі тәсілді қолданады. Біз әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымы мен жағдайлары бар қолайлы, нәтижеге бағытталған зерттеу ортасын құрдық. Осылайша біздің ғалымдар да АҚШ пен Еуропадағыдай зерттеулерді толық жүргізе алады. Тиісінше, оларға шетелде жұмыс істеудің қажеті жоқ. Керісінше өз елінің игілігі үшін еңбектенеді", – деді NU вице-президенті Әсел Увалиева.

Бүгінде шетелден оралған ғалымдар зерттеулер жүргізіп қана қоймай, өз жаңалықтарын нарыққа шығарып, ел экономикасының дамуына үлес қосып жатыр. Атап айтқанда, ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) KazGPT және Umay смарт-ассистентін құрып жатыр.

NU АҚШ-тан қайтарған доктор Дос Сарбасовтың командасы қазақстандықтардың геномын зерттеуде перспективалық зерттеулер жүргізіп жатыр. Энергетика мен материалтану саласының дамуына профессор Жұмабай Бәкенов елеулі үлес қосуда. Ол командамен бірге жоғары өнімді аккумуляторлармен және электроника, электромобильдер, жаңартылатын энергия көздерін қоса алғанда, кең ауқымды қолдану материалдарымен жұмыс істеуде.

"Ғалымдардың шетелге кетуінің басты себебі – елде заманауи зерттеу инфрақұрылымының болмауы. Мәселен, ғылыми журналдар, ескірген микроскопта жүргізілген зерттеулерді қабылдамайды. Егер жабдық нақты нәтиже көрсете алмаса, талдау мен есептеулер жүргізудің мәні жоқ. Ғалымдар жұмыс істейтін құралдар үнемі жаңартылып отыруы керек. Алайда бұл өте қымбат.
Мысалы, бір электронды микроскоптың құны ондаған миллион АҚШ доллары болуы мүмкін. Егер Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарындағыдай жағдай жасалса, қазақстандық ғалымдар ешқайда кетпейтін еді. Мен секілді отанына қайтып оралады", – деп түсіндірді NU пәнаралық зерттеу инфрақұрылымының жетекшісі Айдос Баумуратов.
Талқылау