Freedom Holding Corp. SDU University студенттеріне арнап жаңа оқу блогын салады
26 наурыз күні SDU университетінде жаңа блоктың іргетасын қалау рәсімі өтті. Салтанатты шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов қатысты.
Жалпы ауданы 5600 шаршы метрден асатын аумақта заманауи оқу ғимараты салынады, бұл студенттерге әртүрлі қолданбалы салаларда жасанды интеллект негізіндегі технологияларды пайдалануға мүмкіндік береді. Роботехника, киберқауіпсіздік, спорттық бағдарламалау және машиналық оқыту салаларында AI зертханалары бар Freedom space аймағы ашылады. Бірегей үлгідегі зертханалар студенттерге теориялық білімді практикалық біліммен ұштастыруға мүмкіндік береді.
"Облысты дамытуда, алға қойған жоспарларды жүзеге асыруда жастар үлкен рөл атқарады. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге келген сапарында Қонаев қаласын ғылым-білім орталығына және студент жастардың қаласына айналуы керек екенін айтты. Расында да облысты дамыту жолында ең әуелі, аймақта жоғары оқу орындарын қалыптастыру мәселесін қолға алу керек. Себебі, білім ошағы жергілікті өңірге жан бітіріп, өркендеуіне жол ашады. Бұл ретте, SDU университетінің Қарасай ауданының дамуына қосып жатқан үлесін атап өтпеске болмас. Өткен жылғы мәлімет бойынша, облыс тұрғындарының 30 пайызын 35 жасқа дейінгі жастар құрайтындықтан, Алматы облысында жастар саясаты мәселелері жөніндегі жаңа басқарма құрылды. Жастар мәселесін шешу үшін талдау деректеріне сүйене отырып, екі жылдық жоспар жасалды", – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Нысанның құрылысына Freedom Holding Corp. еншілес ұйымы болып табылатын "Freedom Шапағат" қайырымдылық қоры арқылы демеушілік жасап отыр. Қаржыландыру көлемі 1,8 млрд теңгені құрайды. "Сапалы білім – қоғам дамуның алғышарты. Бұл бастама қазақстандықтардың қазіргі және болашақ ұрпақтарының жан-жақты өсуі мен дамуына қолдау көрсетуге және ілгерілетуге дайын екендігіміздің тағы бір дәлелі болып табылады. Елдің әлеуметтік өміріндегі, оның ішінде жақсы білім беру жағдайын жасаудағы бизнестің рөлінің маңыздылығын түсіне отырып, біздің холдинг бұл жобаны үлкен ынтамен қолдады. Өйткені, бірінші дәрежелі инфрақұрылымның болуы оқу үдерісінде маңызды рөл атқарады. SDU университетінің жаңа блогының құрылысы өзін жоғары деңгейдегі IT-мамандар даярлауда көшбасшылардың бірі ретінде танытқан осы техникалық университеттің базасын нығайтып, сонымен қатар қаржы саласын таңдаған студенттердің де білімін айтарлықтай арттыруға көмектеседі деп сенемін", – деді Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов.
Сондай-ақ кампуста интерактивті қаржылық сауаттылық орталығы болады, бұл жердегі Freedom Academy сарапшыларынан студенттер инвестициялау мен трейдингтің негізгі принциптерін үйрене алады. Сонымен қатар, университеттің жаңа блогы финтех-инновациялар саласында және басқа да бағыттарда зерттеулер жүргізуге, сондай-ақ әртүрлі іс-шаралар, конференциялар мен семинарлар өткізуге арналған хабқа айналуы тиіс. Нәтижелі оқу мен қатар, жайлы демалыс аймақтарын құру үшін де жағдай жасалады.
"Заманға сай білімді де білікті маман қалыптастыру – бүгінгі күннің талабына айналды. Уақыт өз ережелерін белгілейді, сондықтан да біз өзгерістерге дайын боуымыз керек. Білім беру саласындағы әлемдік тәжірибе университеттің еліміздің экономикалық, әлеуметтік және қоғамдық өміріндегі маңыздылығын көрсетіп отыр. SDU University - білім беру жүйесі ағылшын тілінде жүргізілетін алғашқы жоғары оқу орындарының бірі. Біз IT, инженерия, педагогика, құқық, әлеуметтік ғылымдар және бизнес саласында сұранысқа ие мамандарды 27 жылдан астам уақыт бойы дайындап келеміз, сондықтан даму мүмкіндіктерін ескеріп, халықаралық серіктестермен, академиялық институттармен және бизнеспен ынтымақтастық орнатылған", – деді SDU University ректоры Әлімжан Игенбаев.
Университет аумағында қосымша ғимарат салу туралы шешім студенттер санының артуына және университеттің білім беру бағдарламасының кеңеюіне байланысты қабылданған. Құрылыс 2024 жылдың күзінде аяқталады деп жоспарланып отыр.