Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мұны тоқтатуға не кедергі": Мәжіліс төрағасы электронды темекіге тыйым салу туралы шешім шығаруды талап етті

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстанда вейп пен электронды темекінің айналымына тыйым салуға қатысты нақты шешімді жақын арада қабылдауды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сурет pexels-тен алынған

Вейпке тыйым салу мәселесін мәжілістің жалпы отырысында депутат Дәулет Тұрлыханов көтерді. Оның айтуынша, соңғы 6 айда вейп сатылымы 32 пайызға артқан.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тұжырымын ұстанатын болсаңыз, вейптердің құрамында көптеген улы химикаттар бар. Олар баланың миына тез еніп, қан тамырларын тарылтып, жүрекке жүктеме түсіріп, өкпенің зақымдалуына да алып келеді. Электронды темекі тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде үлкен мәселеге айналды. Мұны тоқтатуға не кедергі? Үкіметтің бұл мәселедегі ұстанымы қандай?” – деді Тұрлыханов Денсаулық сақтау министріне.

Денсаулық сақтау министрі вейпке тыйым салу туралы шешім әлі қабылданбағанын жеткізді.

"Вейптерді пайдалануға толық тыйым салу мәселесін тиісті құзырлы органдар қарастыруда. Жақын арада олар өз қорытындысын беред. Сол кезде хабарлаймыз", - деді Ажар Ғиният.

Осы тұста мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов тыйым салу туралы шешім тез арада қабылдануы керек екенін айтып, мемлекет басшысының тиісті тапсырмасын еске салды.

"Бұл мәселе бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Депутаттар да талай рет көтерді. Бірақ әлі нақты шешім жоқ. Сондықтан Тамара Қасымқызы нақты шешімді айтатын уақыт жетті. Біз біртұтас ұстанымға ие болуымыз керек. Өйткені бұл біздің балаларымыздың және болашақ ұрпақтың денсаулығына қауіп төндіреді.Сондықтан бұл мәселені шешуді тездету керек", - деді Мәжіліс спикері.

Талқылау