"Мұны халық шешеді": Қазақстан президенті АЭС құрылысына қатысты туындаған сұрақтарға пікір білдірді
АЭС мәселесіне тоқталған президент Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүдде емес, нақты қажеттілік пен мүмкіндіктер тұрғысынан қарастыру қажет екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Егемен Қазақстан басылымына берген сұхбатында президент таза атом энергиясы ел экономикасының болашағына тікелей әсер ететін айрықша маңызды мәселе екенін атап өткен.
“Біз табиғи уран өндіру көлемі жағынан әлемде бірінші орын аламыз. Ядролық отын компоненттерін де өзіміз өндіреміз. Сол себепті мен еліміздің аумағында АЭС салу жайына айрықша мән беремін. Түптеп келгенде, энергетика қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүдде емес, нақты қажеттілік пен мүмкіндіктер тұрғысынан қарастырып, ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн”, – дейді Тоқаев.
Ел ішінде АЭС құрылысына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатқандардың бар екенін мойындаған президент мұны – түсінікті жайт дейді. Тоқаев мұны көпшіліктің әлі күнге дейін Семей ядролық полигонының қасіретін ұмыта қоймағанымен байланыстырады.
- ЖЭС пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы мүшкіл ахуал – көп жылғы салғырттықтың салдары - Тоқаев
- Тоқаев 2026 жылы тағы да сайлауға түсу үшін Конституцияға өзгеріс енгізеді деген қауесетке жауап берді
“Мұқият назар аударуды қажет ететін басқа да күрделі жайттар бар. Мысалы, жобаның құны мен экологияға әсерін қаперден шығаруға болмайды. Сондықтан бұл бастаманың мән-маңызын ескере отырып, АЭС құрылысына қатысты мәселені жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсындым. Халқымыз үшін аса маңызды осындай шешімдердің референдум арқылы ғана қабылданатыны 2019 жылғы сайлау алдындағы бағдарламамда нақты көрсетілді. "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы мен Әділетті Қазақстан қағидаттарының іс жүзінде орындалуы дегеніміз – осы”, – дейді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, азаматтар референдумда дауыс берген кезде АЭС салуды жақтаған немесе қарсы болған сарапшылардың дәйекті пікірлерін барынша таразылап, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдауға тиіс.
“АЭС саламыз ба, салмаймыз ба – мұны халық шешеді”, – деді Қазақстан президенті.