Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мұндай шудың не қажеті бар": Шымкентте полицейлердің дөрекілігіне тап болған әжей оқиға жайлы пікір білдірді

Шымкенттің "Қырғы базарының" кіреберісінде жаңғақ сатып, полиция тарапынан дөрекілік көрген әжей өзінің заңсыз әрекет жасағанын мойындап, артық шу шығармауын сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar.kz сайтында жарияланды.

Бүгін әлеуметтік желіде қоғамның талқысына түскен бейнежазба бойынша полиция департаменті тәртіптік комиссиясының отырысы өтті. Жиынға шақырылған 74 жастағы әжей отырысты камераға түсіруге қарсылық танытқан. 

Зейнеткердің айтуынша, оның телефонын ешкім тартып алмаған, әжей оны инспекторға өзі берген, ал дау-дамайды айналадағылар шығарған.

"Мұндай шудың не қажеті бар? Әлде қандай да бір қылмыс жасалды ма?! Мен өзім кінәлімін, адам заңға бағынуы керек. Көшенің бойында емес, базарда сату керек. Мен ол жерге жаңғақтармен бардым. Бір-екі рет полиция қызметкері маған ескерту жасады, бірақ мен нашар естимін. Тағы бір рет келгенде, мен оған телефонымды беріп, ұлыма хабарласуын өтіндім. Шу шығаратындай ештеңе болған жоқ. Содан кейін мен кетіп қалдым. Адамдарға қызық керек, сондықтан барлығы жиналды", - деді зейнеткер.



Оқиға 24 қазан күні Шымкент қаласындағы Қырғы базар аумағында болған. 

"Әл фараби аудандық ПБ учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Мүлкібаев Жұлдызбек Дүйсебекұлы, учаскелік полиция инспекторы Тұрмағанбетов Ғалым Дәндібайұлы жергілікті атқарушы орган белгілеген жерден тыс орында жаңғақ өнімін сатып отырған 1947 жылы туған Бектенова Фатима Баймұратқызына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204 бабы 1 бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтыру барысында азаматшаның учаскелік полиция инспекторына қарсылық білдіріп, құжатын ұсынбай қойғаны белгілі болды. Қызметтік тексеру барысында екі полиция қызметкерінің мәселесін Әдеп кодексінің негізінде ПД-не ұсынып отырмын", -деді Шымкент қалалық Әл Фараби аудандық полиция басқармасы басшысының орынбасары.

Айта кетсек, бұған дейін Шымкент базарында 75 жастағы әжеге дауыс көтеріп, жұрттың ашуын тудырған полицейлер жазаланғанын жазған болатынбыз. 

Талқылау