Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкент базарында 75 жастағы зейнеткерге дөрекілік танытқан полицейлер жазаланды

Шымкент базарында 75 жастағы әжеге дауыс көтеріп, жұрттың ашуын тудырған полицейлер жазаланды. Әжейдің ұлы да полицей болып шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Әл-Фараби аудандық ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, майор Жұлдызбек Мүлкібаев әжейге қатты дауыс көтергенін мойындады.

“Әжейге ретсіз сауда жасауға болмайтынын айтып, ескерткенбіз. Әжей естімей жатырмын деген соң, дауысым қатты шығып кеткенін мойындаймын. Халық та топырлап жиналып кетті. Дауысым қатты шыққаны үшін кешірім сұраймын”, – деді полицей.

Тәртіп сақшысының бұл қызметке ауысқанына бір апта ғана болған көрінеді. Полицей зейнеткерге заңды бұзғаны үшін жазбаша түрде ескерту берілді деп отыр.

Ал әже тәртіп сақшыларына ешқандай шағымы жоқтығын, заңды бұзғандықтан кінә өзінен екенін айтты. Зейнеткердің ұлы да полиция қызметкері екен.

"Тәртіптік комиссииясының шешіміне сәйкес, майор Жұлдызбек Мүлкібаевқа өз қызметіне толық сәйкес еместігі жөнінде, ал оның қасындағы полиция аға лейтенанты Дәуіт Тұрмағамбетовке ескерту түріндегі тәртіптік жаза берілді. Аталған қызметкерлер тарапынан Әдеп кодексінің нормалары бұзылды деп танылып, сондай шешім қабылданып отыр", — деді Шымкент қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары, тәртіптік комиссияның төрағасы Алмас Әмзеев.

Бұған дейін Шымкент базарында қос полицейдің сауда жасап отырған егде жастағы әйелге дөрекілік танытып, оның телефонын алып қойғаны жұртшылықтың наразылығын тудырғанын жазған болатынбыз. 

Талқылау