Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұялмайсыз ба?": Шымкент базарында егде жастағы әйелге дөрекілік танытқан полицейлер жұрттың ашуын тудырды (видео)

Шымкент базарында қос полицейдің сауда жасап отырған егде жастағы әйелге дөрекілік танытып, оның телефонын алып қойғаны жұртшылықтың наразылығын тудырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Әлеуметтік желіде пайда болған видеода полиция қызметкері егде жастағы әйелдің жаңғақ салынған дорбасын ары-бері жұлқылап, оған "Түсініп тұрсыз ба? Ұялмайсыз ба, азаннан бері келіп, менің миымды жегенше" деп дауыс көтергенін көруге болады.

Бұдан соң тәртіп сақшысы әйелдің телефонын тартып алып, оны жеке құжаттарына айырбастайтынын айтады. 

Сол маңға жиналған көпшілік әйелге жақтасып, телефонын қайтаруға көмектескенін байқауға болады. 

"Бүгін, 24 қазан күні Шымкенттегі "Қырғы базарының" кіреберіс жерінде 3-4 келі жаңғақ сатып отырған әжеге екі полицей келіп, заңсыз сауда жасағанына айыппұл салмақшы болыпты. Әжеміз полицейлерден қорқып қалған болуы керек, ұлына хабарласпақшы болғанда телефонын да алып қойған көрінеді", - дейді видеода куәгерлер. 

Сондай-ақ әйелдің 75 жаста екені айтылды.

Оқиғаға байланысты Шымкент полициясы пікір білдірді.

"Полиция қызметкерлері Әл-Фараби ауданы аумағында рұқсат берілмеген орындарда сауданың алдын алу бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізген. Сондай-ақ видеодағы полиция бөлімінің қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеру басталды.Тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін полиция қызметкерлері тиісті тәртіптік жауапкершілікке тартылады", - деп хабарлады Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Талқылау