Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда көлікте жанып кеткен ерлі-зайыптының балалары: Мұндай қайғыны ешкімге тілемейміз

“Қасіретті қаңтар” жүзден астам бейбіт тұрғынның отбасын қара жамылдырды. Солардың бірі – алматылық Біткембаевтар отбасы. Бір күнде әке-шешесінен айырылған балалары әлі күнге дейін болған жағдайға сене алмай жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Qazaqstan ұлттық арнасына сілтеп хабарлайды.

Қуат Керімтайұлы мен Гүлмира Сабасқызы 1986 жылы Алматыдағы Республика алаңына шығып, “Желтоқсан көтерілісіне” қатысқан. Арада 35 жыл өткенде екеуі де дәл сол алаңда жан тапсырды. Кешкісін үйге қайтып келе жатқан ерлі-зайыптылардың көлігі отқа оранып, екеуі де көлік ішінде жанып кетті.

“Сол күні Дәурен ініміз, Алина апайымыз хабарласып: “Мәулен, саған келген жоқ па, хабарласпады ма?” –  деп сұрады. Жоқ дедім. Кешкі сағат 7-де үйден, Орбита ықшам ауданынан шығып кеткен. Мен күтейік, жоқ болса, ертең таңертең іздеуге береміз дедім. Бір жағынан далада оқ жаудырып жатқанын да ойладым. Негізі шықпаулары керек еді, Құдайдың ісі болған соң ешкімді де кінәлай алмайсың”, – дейді марқұмдардың ұлы Мәулен Біткембаев.

Бұған дейін қарт ерлі-зайыптылардың көлігіне кім оқ атқаны әлі анықталмағаны туралы хабарланған болатын.

Қапияда ата-анасынан айырылып қалған балалары ешкімге мұндай қайғыны тілемейтінін айтты.

“Әке-шешеден айырылу жаман екен. Екі-үш күн есеңгіреп жүрдік. Өңің бе, түсің бе, түсінбейсің. Ешкімнің басына тілемейміз”, – деді Мәулен Біткембаев.

Талқылау