Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаңтар оқиғасы: Қаза тапқан бейбіт тұрғындардың отбасына қашан және қандай өтемақы беріледі

"Қаңтар оқиғасы" кезінде оқ тиіп қаза тапқан азаматтардың отбасына қашан, қандай көлемде өтемақы төленетіні белгісіз. Ал жаппай тәртіпсіздік кезінде жақындарынан айырылған кейбір жандар тіпті іске қатысты тергеудің басталмағанын айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “31” арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеп хабарлайды.

Ерлі-зайыпты Қуат Біткембаев пен Гүлзифа Құлсұлтанова отырған көлікке қарша оқ жаудырғандардың кім екені әлі анықталған жоқ. Бір күнде ата-анасынан айырылған балалары осы уақытқа дейін не билік өкілдерінен, не құзырлы органдардан бірде-бір жан келіп демеу болмады деп қапалы. Өзегі өртенген балалары анасының мойнында болған 1 жарым миллион теңге несиені кімнің өтейтінін білмей, өтініш жазып әлек боп жүр. 

“Анамда несие болған, сол жайлы өзіміз жүгіріп жүрміз. Бірақ жарты жыл өткеннен кейін ғана сөйлесеміз дейді ол туралы. Әкімшіліктен көмек көріп жатқан жоқпыз. Ешкім хабарласпаған, келмеген. Полицияға өзіміз барсақ, әлі қозғалмаған, арызымыз сол қалпы жатыр”, – деді кенже ұлы Дәурен Біткембаев.

7 қаңтар күні Нұрғалиевтер отбасы да қара жамылған. Бір көлікте Қайрат Нұрғалиев пен жұбайы Лаура және досы Андрей Карпиленко болған. Екі ер азамат қаза тауып, Лаура екі жерінен оқ тиіп, әрең аман қалған. 

“Қарапайым тұрғындарға ешқандай көмек жоқ. Мысалы, менің де, Қайраттың да несиесі бар, артында бір қызы қалды. Ешқандай көмек болып жатқан жоқ. Қайрат менің жалғыз асыраушым еді, артында анасы қалды”, – деді Қайрат Нұрғалиевтың жұбайы Лаура Нұрғалиева.



Дәл сол күні Талдықорғандағы тергеу изоляторына барар жолда тапа-тал түсте 27 жастағы Нұрлан Дәулетбайұлының басына оқ тиіп, қаза болды. Марқұмның артында етегі жасқа толып науқас анасы қалған. Асыраушысынан айырылған шеше баласының бірнеше банктен алған несиесін енді кімнің өтейтінін білмейді.

Ал осындай жағдайда жүрген отбасыларға қашан, қандай көлемде өтемақы төленетіні белгісіз. Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері антиреррорлық операцияның толық аяқталғанын күтіп отырмыз дейді.

“Қазір қалада антитеррорлық операция жүргізіліп жатыр, оның қорытындылары әлі бітпей, оларға төлемақы төлеу ерте деп санаймын. Тергеу істері болады, сол біткеннен кейін зардап шеккен бейбіт тұрғындардың төлемақысын төлеу туралы мәселе қаралады деп ойлаймын”, – деді Алматы қаласы стратегия және бюджет басқармасының басшысы Алмас Батанов.

Басқарма басшының сөзінше, жұмыста жүріп жарақат алған қызметкерлердің 98 пайызына 400 миллион теңге өтемақы берілген. Ауыр жарақаты барларға 2 миллион, орташа халдегілерге 1 миллион, ал жеңіл жарақат алғандарға 500 мың теңгеден төленіпті.

Талқылау