"Мұндай алаяқтыққа жол бермеу керек": Алматыда блогерлердің қымбат курсына алданған азаматтар полицияға арызданды
Алматыда блогерлерден ақылы білім алмақ болған бір топ адам полицияға арыз түсірді. Олар қаржылық сауатын жетілдіреміз деп әрқайсысы 450 мың теңге төлеген. Алайда келісімшартқа сәйкес сабақ толық өтпеген. Енді білім іздегендер "аяқталмаған" оқудың ақшасын қайтаруды талап етіп отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.
"Жұлдыз Ақболат ханымның курсын алып отырмыз, тегін вебинар деді. Жарайды дедік. Ақыры ақша табу үшін жүрген адам болғандықтан. Біз сияқты қаншама адам жылап отыр", – дейді шағымданушы Зарина Мәдибекова.
Не ақшасыз, не білімі жетілмеген жұрт шағымын арқалап аталған компанияның кеңсесіне де барды. Алайда өзін маркетинг бөлімінің қызметкерімін деп таныстырған азамат мәмілеге бірден келе қоймады.
Сатып алған курстан еш нәтиже көрмедік деген шағымданушылар блогерді сотқа беруге дайынбыз дейді.
"600 мың теңге алып осындай жиырма адамды алаяқтыққа апарды. Офлайн форматта сабақ өтеді деп, сабақ өтілмеген. Қаншама адам несие алды осы үшін. Мұндай алаяқтыққа жол бермеу керек", – дейді шағымданушы Ерке Тұрлы.
"500 мың теңге тұрады офлайн сабағы. Негізі 70 күн өтуі керек болатын. Бірақ 2 айға толмай, тоқтап қалды. Ешкім түсіндірген жоқ, сабақ неге тоқтап қалғанын. Ары қарай не болады?" – дейді шағымданушы Ғазиза Байдәулет.
Жоғарыда аталған шағымдарды түгел жазған тұрғындар Бостандық ауданының полициясына арыз түсірген.
"Бостандық ауданы полиция басқармасының мәліметінше, аталмыш дерек бойынша тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, нәтиежесінде екі тарап арасында азаматтық құқықтық қатынастың болғанына көз жеткіздік. Екі тараптың арасында келісімшарт бар. Соны негізге ала отырып, азаматтық құқықта сотқа жүгіне алады", – дейді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Ал басы дауға қалған компанияның заңгері шағымданушы тараптың арызы орынсыз деп отыр. Сөзінше, білім алуға бекінген азаматтар тапсырманы толық орындамады дейді.
"Ол нишаларына сай келмейді. Табыс тапқан жоқпыз деп шағым айтып жатыр. Өздерінің тарапынан ол кісілер тапсырмаларды орындау керек болған. Компанияның атынан және Жұлдыз ханымның атынан барлық шарт орындалды. Сабақтың бәрі сайтта тұр. Сегіз модульдан тұрады", – дейді заңгер Салтанат Диханбаева.
Жұлдыз Ақболаттың ресми өкілі екі жақты келісімшартқа сәйкес компания барлық қызметті көрсеткенін алға тартты. Оның үстіне курстан пайдаға кенелгендер де бар деп баса айтты. Алайда шағымданған азаматтардың ақшасын қайтарып беру жөнінде сөз қозғамады, тек соттасуға дайынбыз деп қысқа қайырды.