Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұхтар Шахановтың келіні ақынның Конституцияны қолдаған видеосына қатысты мәлімдеме жасады

Мұхтар Шахановтың келіні мәлімдеме жасадыФото: Видеодан скриншот

Ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың келіні Жаңагүл Мұратқызы ақынның желіде тараған Конституцияны және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатын қолдайтыны жайлы видеосына қатысты ашық мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жаңагүл Мұратқызы Facebook парақшасында жазба жариялады. Оның айтуынша, ақынның қазіргі жағдайы өте ауыр, айтқанын бір сәттен кейін ұмытып қалатын науқас күйде. 

“Жақында ғана екінші ұлынан айырылған адамның психоэмоционалдық жағдайының қаншалықты ауыр екенін біреу түсінсе, біреу түсінбейді”, – деп жазды ол.

Ол Мұхтар Шахановтың бүгінде қоғамда болып жатқан жағдайлардан мүлде бейхабар екенін алға тартты.

“Тыныштық беріңіздер! Ұлтына өлшеусіз еңбегі сіңген, ана тіліне өмірін арнаған атамызды бір видеоға бола қарғап-сілеудің, қаралаудың ешқандай негізі жоқ. Мұхтар Шаханов өз ұлтының алдында адал перзенті болып мәңгі тарихта қалатын тұлға!” – деп жазды ол.

Айта кетейік, бұған дейін әнші Димаш Құдайберген ақын Мұхтар Шахановпен кездескені хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 10 Ақпан, 2026 09:54