Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұғалімдерді бұдан былай қосымша адам саны ретінде пайдаланбайды - Аймағамбетов

ҚР оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді іс-шара кезінде қосымша адам санын көбейту үшін пайдалануды тоқтатқанына сендірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Іс-шаралар кезінде мұғалімдерді қосымша адам санын көбейту үшін пайдалануды тоқтату маңызды бағыт саналады. Бұл туралы президенттің өзі де бірнеше рет айтқандай, барлық іс-шаралар ұстаздарымыздың міндетті түрде қатысуымен өтіп келді. Біз мұндай жосықсыз тәжірибені іс жүзінде тоқтаттық деп ойлаймын. Мұғалімдерді әдеттен тыс қызметтерден, үй-үйді аралаудан босату шаралары қабылданды. Үй-үйлерді аралап, есіктерін қағып, балаларды қайта жазып шығатын кезең енді оралмайды", – деді Аймағамбетов тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде.

Аймағамбетовтің айтуынша, мұғалімдер мемлекет басшысының қолдауымен ерекше есептер мен функциялардан босатылған. 

"Ұстаздар енді министрліктің бұйрығына сәйкес күніне екі құжатты ғана толтыруы керек және бұл жұмысты ары қарай жалғастыра береміз", – деп қосты министр.



Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тұғжанов мамандықтың мерейін өсірген "Педагог мәртебесі туралы" заңның жүзеге асуының сәтті өткенін атап өтті.

"Бүгінгі күні ұстаздар өз еңбегіне қарай лайықты жалақыны алып отыр. Соның нәтижесінде мектеп түлектері мамандық таңдауда педагогикалық бағыттағы мамандықтарға басымдық беріп отырғанын байқауға болады", - деді ол.

Сонымен қатар Тұғжанов 2021 жылдан бері 75 мың мұғалімнің біліктілігін арттыру курстарынан өткеніне, алайда бірінші жартыжылдықтағы ұлттық біліктілік тестілеуінің нәтижесі көңіл көншітпейтініне назар аударды.

Оның сөзінше, мектеп, колледж, жоғары оқу орындарының мұғалімдерін бір пән бойынша біріктіретін академиялық пәндер мұғалімдерінің республикалық бірлестіктерін құру бұл мәселені шешуге септігін тигізеді. Бірлестіктерге қатысу мұғалімдерге, бірегей интеллектуалды ортаға енуге мүмкіндік береді, деп санайды ол.

Айта кетейік, дәл осы тамыз конференциясында Асхат Аймағамбетов келесі жылдан бастап мектеп директорлары мен мұғалімдер аптасына бес күн ғана жұмыс істейтінін мәлімдеген.

Талқылау