Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұхит Мерәліұлының мерейтойы кең көлемде аталып өтті

БҚО

Биыл алты Алаштан ән оздырған Мұхит Мерәліұлының туғанына 185 жыл. Осыған орай "Атамекен" өнер ордасында мерейтойлық шаралар бастау алды.

Алдымен "Қазақ музыка мәдениетіндегі Мұхит феномені: тарих, тағылым, зерттеу" атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Онда ғалымдар халық композиторының мол мұрасын ұрпақ жадында жаңғыртуды мақсат еткен маңызды мәліметтер, тың деректер келтірді.

Мерейтойлық іс-шаралар аясында концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Оған облыс әкімі Нариман Төреғалиев арнайы қатысты. Жиналғандар алдымен "Сал Мұхит – дәуір үні" атты деректі фильмді тамашалады. Мұнда батыс ән өнерінің негізін қалаушының өмір жолы мен шығармашылығы, зерттеу жұмыстары туралы толымды баяндалды.

Аймақ басшысы ұлттық мәдениетті ұлықтап, тау тұлғаларымызды дәріптеудің жас ұрпақ үшін маңызын атап өтті.

“Тарихы терең Батыс Қазақстан өңірі – Алашқа аты мәлім бірегей тұлғаларды дүниеден әкелген қасиетті мекен. Солардың ішінде Мұхит Мерәліұлының орны айрықша. Оның өлмес мұрасы – халқымыздың ортақ игілігі, ұлттық мақтанышы әрі келер ұрпаққа қалдырған баға жетпес аманаты”, – деді Нариман Төреғалиев.
Облыс әкімі Мұхит Мерәліұлының ұрпақтары Әсия, Дина Мұхитоваларға өңір жұртшылығының ықыласын жеткізіп, сый-құрмет көрсетті. Іс-шарада белгілі өлкетанушы Нұрлан Сәдірдің "Дәуірдің дарабоз әншісі" атты кітабының тұсауы кесілді.

Тағылымды шарада Мұхит мұрасын насихаттау мақсатында өткізілетін республикалық дәстүрлі әншілер байқауының қатысушылары таныстырылды. Қаратөбелік өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты.

Айта кетейік, мерейтойлық іс-шаралар бүгін Қаратөбе ауданында жалғасып жатыр.

Stan.kz
Жұма, 03 Шілде, 2026 10:03