Мусин кетіп, Мәдиев келді: Жаңа цифрлық даму министрі ант қабылдады
Жаңа цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев үкімет отырысында ант берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
"Қазақстан халқы мен президенті алдында өз Отаным — Қазақстанның экономикалық және рухани даму ісіне барлық күш-жігерім мен білімімді жұмсауға, мемлекеттің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзімнің барлық іс әрекетімде заңдылық пен әділдік, азаматтық, ұлтаралық және конфессияаралық татулық принциптерін ұстануға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елімнің мемлекеттілігі мен дүниежүзілік қоғамдастықтағы беделін нығайта беруге салтанатты түрде ант етемін", — деді министр.
Еске сала кетейік, мемлекет басшысының жарлығымен Жаслан Мәдиев Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі лауазымына тағайындалды.
Жаслан Хасенұлы Мәдиев 1983 жылы 13 маусымда дүниеге келген. 2004 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін "әлемдік экономика және халықаралық қаржы" мамандығы бойынша бітірген. 2007 жылы "Болашақ" бағдарламасы бойынша Нью-Йоркте Халықаралық қатынастар және мемлекеттік басқару мектебін, Массачусетс технологиялық институтын, Слоун бизнес мектебін тәмамдаған. Мамандығы – экономикалық саясатты басқару.