Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мүмкіндігінше олардың көбісін өлтіреміз: Қазақстандағы Украина елшісі орыстар жайлы сұхбатынан кейін сынға қалды

Ресей Тергеу комитеті Украинаның Қазақстандағы өкілетті елшісі Петр Врублевскийдің орыстарды өлтіру туралы айтқан мәлімдемесіне баға беретінін айтты. Бұл жөнінде комитеттің сайтында жазылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Врублевскийдің сөздерін қатаң айыптайтынын мәлімдеді.

Петр Врублевский

Дереккөз Rbc.ru

Ресейдің тергеу комитеті бұған дейін әлеуметтік желілерде Украинаның мақсаты мүмкіндігінше орыстарды көп өлтіру екенін айтқан ер адамның (алдын ала мәліметтер бойынша бұл – Врублевский) видео жарияланғанын атап өткен.

"Тергеу видеодағы барлық қатысушылардың жеке басын анықтауға, сондай-ақ олардың Ресей Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне қарсы жасалған қылмыстарға қатыстылығын тексеруге бағытталған шаралар кешенін қабылдайды", –  деді комитет.

Қазақстандағы Украина елшісінің сөзіне пікір білдірген Қазақстан халқы Ассамблеясы мұндай сарындағы мәлімделерге жол беруге болмайды деді.



"Бейбітшілік пен бірлік – мемлекеттік саясаттың және қоғамдық бірігудің басты қағидалары. Сондықтан мұндай пікірді кім айтса да біздің қарсылығымызға ұшырайды. Дипломатия – өшпенділік пен араздықты қоздыру үшін емес, бейбітшілік пен ынтымақтастық идеалдарына қызмет етуі тиіс", – делінген Ассамблеяның сейсенбіде таратқан мәліметінде.

Ассамблея сонымен қоса Қазақстанның біртұтас көпэтносты халқы үшін достық, өзара көмек және бейбітшілік қағидалары мызғымайтын ұстаным екенін атап өткен.

"Өшпенділікті қоздыратын кез-келген пікір, этностық жек көрушілік пен оның қандай болмасын көріністерін насихаттау біз үшін жат ұғым. Барлық қазақстандықты дұшпандық пен зұлымдықты насихаттайтын арандатуларға ермей, ұрпақтың бүгіні мен болашағы үшін елдегі бейбітшілік пен халық бірлігін сақтауға және нығайтуға шақырамыз", – делінген ақпаратта.

Айта кетейік, бұған дейін Петр Врублевский Киев режимінің мүмкіндігінше орыстарды көптеп өлтіруге күш салып жатқанын айтқан.

"Біз мүмкіндігінше олардың көпшілігін өлтіруге тырысамыз. Қазір орыстарды қаншалықты көп өлтірсек, біздің балаларымызды соншалықты аз өлтіреді. Бар болғаны сол", – деген Украина елшісі.

Талқылау