"Мойныма алғым келмейді": Ринат Зайытов қазақстандықтарға үндеу жариялады (видео)
Ринат Зайытов қазақстандықтарға үндеу жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бүгін, 10 маусымда, танымал айтыскер ақын Ринат Зайытовты полиция ұстап әкеткен. Қазір Ринат Зайытовтың алматылықтарға жасаған видео үндеуі жарияланып, ақын жағдайының жақсы екенін, көп ұзамай үйіне қайтатынын айтты. Сонымен қатар, даурыққан жұртқа басу айтып, тынышталуға шақырды.
"Қадірменді, ағайындар, алматылықтар! Алаңдайтындай ештеңе болып жатқан жоқ. Сондықтан, баршаларыңыздан үйлеріңізге тарқауларыңызды өтінемін. Себебі, мен қазақтың бір тамшы қанын мойныма алғым келмейді. Ешкімге реніш жоқ, өкпе жоқ. Бұйырса, үйге қайтайын деп жатырмын. Сіздер де үйлеріңізге қайтыңыздар", - делінген бейнежазбада.
Естеріңізге сала кетейік, айтыскер ақын сайлау нәтижесімен келіспейтінін айтып, бүгін кешке "Алматы" аренаның алдында кездесу өткізгенболатын. Жиында ол "партия құрамын сайлау әділ өтпегені" туралы айтып, наразылық білдірген. Жиналған тұрғындардың алдында сөз сөйлеп жатқан айтыскерді тәртіп сақшыларының ұстап әкеткен болатын.