Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мысықты швабрамен ұрып өлтірген Ақтау тұрғыны қоғамдық жұмысқа тартылды

Мысыққа қатыгездік жасағаны үшін Ақтау тұрғыны сотта 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ақтау хайуанаттарды қорғау орталығы

2023 жылғы 12 қазанда Ақтау қалалық сотында жануарға қатыгездік көрсетіп, оның өліміне әкеп соққан А.-ға қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 316-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс қаралды.

Сот анықтағандай, 2023 жылдың 18 қыркүйегінде шамамен сағат 21:10-да сотталушы мысықтың басынан және денесінен швабрамен ұрған. Содан кейін ол жануарды үйдің алдына тастап кеткен. Сотталушының заңсыз әрекетінің салдарынан мысық өліп қалған.

Прокурор сотталушыны 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартуды сұрады. Айыпталушы өз кінәсін толық мойындады.

“Жануарға қатыгездікпен қарау, оның өліміне әкеп соққаны үшін 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды, не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуды көздейді”, – делінген хабарламада.

Сотталушының кінәсі одан жауап алу хаттамасымен, сондай-ақ куәгердің айғақтарымен және мал дәрігерінің қорытындысымен дәлелденді.

Жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

"Сот үкімімен сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 316-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 100 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ", – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Талқылау