Трамп пен Путин Ресей мұнай өнімдерін АҚШ пен әлемдік нарыққа жеткізуге келісті
Трамп пен Путин Ресейдің АҚШ пен әлемдік нарыққа миллиондаған тонна дизель отынын жеткізуіне келісті. Трамп бұл келісім әлемде отын бағасын рекордтық деңгейде төмендететінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Трамп бұл ақпаратты Truth Social парақшасында жазды. Оның мәліметінше, Ресей алғашқы кезеңде 300 мың тоннадан астам дизель отынын жеткізеді. Қарашада тағы 500 мың тонна, одан кейін 1 миллион тонна отын жөнелтілмек. Бұған қоса, мұнай өңдеу зауыттарының жұмысына қарай Ресей қысқа мерзімде қосымша 3 миллион тонна дизель отынын жеткізуге дайын.
Трамптың пайымдауынша, Ресеймен жасалған келісім мен Ормуз бұғазына толық бақылау орнату әлемдік нарықтағы дизель бағасының бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін арзандауына жол ашуы мүмкін.
Кремльдің ресми Telegram арнасы да Владимир Путиннің бұл келісімге қатысты пікірін жариялады. Ресей президенті елінің АҚШ пен басқа да халықаралық нарықтарға мұнай және мұнай өнімдерін жеткізуге әзір екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай қадам жаһандық экономикаға оң ықпал етуі мүмкін.

Телефон арқылы сөйлескен кезде Трамп пен Путин Украинадағы қақтығысты реттеу жолдарын және Иран төңірегіндегі жағдайды да сөз еткен.
Айта кетейік, Иран мен Украинадағы әскери қақтығыстар әлемдік отын нарығындағы жағдайға әсер етіп отыр. Ақпан айында АҚШ пен Иран арасындағы соғыс басталғалы бері дизель отынының бағасы шамамен 70 пайызға қымбаттаған.
Түркістан облысында жасөспірім қызды зорлады деген басты күдікті мен 12 ер адам жауапқа тартылмаған күйі, іс жабылған