Қазақстанда медицина қызметкерлерін шабуылдан сақтандыру жоспарлануда
Қазақстанда медицина қызметкерлерін сақтандырудың тағы бір түрін енгізу көзделіп отыр. Бұл жолы оларды шабуылдардан қорғау қарастырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Сақтандыру мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдардың қызметкерлеріне, соның ішінде:
- дәрігерлерге;
- медбикелерге;
- фельдшерлерге;
- жедел жәрдем жүргізушілері мен санитарларға қатысты болады.
Өтемақы мөлшері шабуылдың салдарына байланысты белгіленеді. Егер медицина қызметкері уақытша еңбекке жарамсыз болып қалса, нақты шығындары өтеледі. Алайда төлем көлемі 1 миллион 300 мың теңгеден аспайды.
Ал мүгедектік белгіленген жағдайда 2 миллионнан 3,5 миллион теңгеге дейін өтемақы қарастырылған. Медицина қызметкері қайтыс болған жағдайда оның жақын туыстарына шамамен 13 миллион теңге төленеді.
Сақтандыру тек медицина қызметкері өзінің кәсіби міндетін атқарып жүрген кезде ғана қолданылады.
Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Жанар Қалмақованың айтуынша, соңғы уақытта медицина қызметкерлеріне жасалатын шабуылдар жиілеген.
"Меніңше, медицина қызметкерлеріне деген құрмет артуы керек. Ертеден дәрігерлер жоғары бағаланған. Бұл – қашанда құрметті мамандық болған. Ал қазір медицина қызметі қарапайым қызмет көрсету саласы ретінде қабылданады", – деді ол.
Соңғы бірнеше жылда медицина қызметкерлеріне қатысты 300-ге жуық шабуыл тіркелген.
Түркістан облысында жасөспірім қызды зорлады деген басты күдікті мен 12 ер адам жауапқа тартылмаған күйі, іс жабылған
