Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бүкіл қазынаны ұрлаған, онымен танысқым келмейді": Нүкенованың көмекшісі Салтанаттың Бишімбаевпен қалай танысқанын айтты

Салтанат Нүкенованың көмекшісі Анар Тасова Бишімбаевтың Нүкеновамен қалай танысқанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Айтуынша, айыпталушы Бишімбаев 2022 жылдың 4 маусымында Нүкеноваға консультацияға жазылған. 

"Ол концультация алғысы келетінін жазды. Мен Салтанаттың ер адамдармен тіпті онлайн да кеңеспейтінін айттым. Сосын Камилла есімді қыз консультацияға жазылды. Ол досымен бірге келетінін айтты. Салтанат екеуіміз қызы мен жігіті екен деп ойладық. Оларды консультацияға жаздым. Екі аптадан кейін Камилла Салтанатқа қоңырау шалып, досымен кездесуді сұрады. Салтанат "Ол бұрын үйленген, бүкіл қазынаны ұрлаған, онымен танысқым келмейді" деп жауап берді", – деді көмекшісі. 

Нүкенованың көмекшісі Салтанатқа үйленуге ұсыныс жасағанын әлеуметтік желі арқылы білген. 

“Сосын әлеуметтік желіден оның үйленетінін, оған ұсыныс жасағанын білдім. Телефон соғып, құттықтағанымда жігіті консультацияға жазылған Қуандық екенін айтты. Желтоқсанда Қуандықтың Шымкент қаласынан екенін білдім. Салтамен телефон арқылы сөйлестік. Ол енді Шымкентке жиі келетінін, жиі көрісетінімізді айтты. Содан кейін оның әлеуметтік желілердегі құпия сөздерін ауыстырып жібергеніне таңқалдым. Оның көмекшісі болғандықтан, бұрын желідегі құпия сөздерін білетінмін. Ол телефон соғып, Шымкентке келетінін айтты, қуанып қалдым. Таңғы асқа кездесеміз деп келістік. Алайда таңертең екеуінің арасында айқай шыққанын хабарлап, кездесе алмайтынымызды жазды. Оған қатты мән бермедім. Олар жаңадан үйленген, жай ғана реніш шығар деп ойладым", – деді Анар Тасова. 

Анар Тасованың сөзінше, қаңтар айының соңында Салтанат Қуандықтың анасына гүл сатып алуын өтінген. 

“Әрине келістім. Салтанат телефон соғып, тапсырыс беру керек екенін, Альмира Болтабайқызының мерейтойына арналғанын айтып жатты. Арғы жағында Қуандық: "Министрдің анасына деп айтыңыз, мен бәрін тексеремін" деп айқайлады. Мен таңғалдым, өйткені оның дауысы өте дөрекі естілді. Мен гүл дүкеніне бардым. Қуандықтың анасына гүлдер мен шоколадты құлпынайға да тапсырыс бердім”, – деді Нүкенованың ассистенті. 

Еске салайық, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.

Бұдан бөлек экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған еді.

Талқылау