Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мықты әйелдер саны көбейгенін қалаймын": Түркістан облысында саясаттағы әйелдердің үлесі қандай екені айтылды

Түркістан облысында әйелдердің саясаттағы орны мен рөлі уақыт өткен сайын артып келеді. Қазір өңірде 5658 мемлекеттік қызметкердің 1564-і немесе 27,3%-ы – әйелдер екен. Оның ішінде 249-ы немесе 15%-ы басшылық лауазымдарды атқарады. Ал ең көп әйел азаматтары білімі беру мен денсаулық саласында екен. Түркістан облысында билікте жүрген әйелдерді “Әйелдер күштері Альянсы” бір арнаға тоғыстырады. Осы орайда аталған ұйым төрайымы Жаннета  Жазықбаева өңірдегі әйелдердің саясаттағы орны туралы Stan.kz тілшісіне айтып берді. 

Фото: Жаннета Жазықбаеваның Instagram парақшасынан

Қазақстанда кейінгі жылдары әйелдердің саясаттағы орнына қатысты жұмыс істеп жатқан жобалар мен бағдарламалардың саны күрт өсті. Бұл қазіргі қоғамда әр тұлғаның алар орны ерекше екенін білдіреді.  

Елімізде билік басындағы әйелдердің үлесі 30%-ға жетпейді

Жаннета Жазықбаеваның сөзінше, ел билігінде гендерлік саясат ережелері сақталған жөн. 

“Мемлекет саясаты бойынша 30% әйел билік басында болуы керек. Себебі гендерлік саясат ережелерін сақтаған жөн. Өкінішке қарай Қазақстанда билік басындағы әйелдердің үлесі 30%-ға жетпейді. Әзірге 22-23% болып тұр. Бұл көрсеткіш еліміздің кей өңірлерінде өте төмен. Мәселен, жергілікті атқарушы органдарда қызметке сайлау барысында жастарды да осы 30%-дық квотаның ішіне қосып жіберген. Негізі әйелдер қауымына бөлек 30%-дық квота бөлінгені жөн деп ойлаймын. Мысалы, Түркістан облысында 30 депутат болса, оның 9-ы әйел болуы керек. Оған жастарды қоспау қажет. Ал жастардың 21-і депутат болса, оның үшеуі әйел болғаны жөн. Қазір осы мәселе өте өзекті болып тұр. Билікте бір әйел отырса да оның даусы белгілі бір шешімнің шығуына септігін тигізеді”, –дейді Жаннета Жазықбаева. 

Әйелдер күштері Альянсының төрағасы, жалпы саясатқа араласатын әйел қандай болу керек, деген сауалға жауап берді.

“Жалпы алғанда қазақстандық кез келген әйел саяси жүйеге дайын болуы керек. Біздің альянстың мақсаты да сол. Саясатта ойып тұрып орын алатын әйелдерді дайындау. Саясатқа араласатын әйел әлемде, мемлекетте және қоғамда қандай оқиға орын алып жатқанынан хабардар болуы тиіс. Өзекті мәселелерден құлағдар болып, оның шешімін табуға да үлес қосқаны жөн”, – дейді Жаннета Жазықбаева. 

Әйелдерді саясатқа дайындаймыз

Жаннета Жазықбаеваның сөзінше, “Әйелдер күштері Альянсы” мен 150-ге жуық үкіметтік емес ұйымдар Қазақстан бойынша белсенді әйелдерді дайындайды.

“Әйелдерді саясатқа, көшбасшылық пен кадрлық резервке дайындап, ораторлық шеберлікті үйретеміз. Біздің ұйымға кірген немесе мүше болған әйелдердің өз портфолиосы болуы керек. Оның шетелде білім алғаны, марапаттары мен қоғамға қосқан үлесі де маңызды рөл ойнайды. Психологиялық және күйзеліске төзімділік жағдайы ескеріледі. Оның киім үлгісі, сөйлеу мәнері, отбасылық жағдайы да есепке алынады. Себебі қоғамдық мәселемен айналысқанда отбасын ұмытып кетпеуі тиіс. Өйткені әйелдің жауапкершілігіне қосымша міндеттер де қосылады”, – дейді Альянс төрағасы.  

Сондай-ақ ол ұйымның қыздарды мектеп жасынан бастап саясатқа баулитынын жеткізді. 

“2022 жылдан бастап саяси мектебімізде Түркістан облысы мен Шымкент қалалары бойынша 30-ға жуық әйелді оқыттық. Олардың алтауы депутат болды. Бізден кейін бұл істі "Amanat" партиясының "Tomiris" жобасы жалғастырып алып кетті. Біз саяси мектебімізде әйелдерді ғана емес, мектепте оқитын қыздарды да оқытамыз”, –дейді Жаннета Жазықбаева. 

Жанетта Жазықбаеваның сөзінше, өңірде жастар арасында тұрақты түрде семинарлар өткізіледі. Ол жерде денсаулық пен буллинг тақырыптарында сөз қозғалып, кеңінен талқыға түседі.

“Біріккен Ұлттар Ұйымының 25 жыл бұрын құрылған "Y-PEER" даму бағдарламасы бар. Онда жастар тепе-теңдік принципі бойынша, репродуктивті денсаулық, жыныстық жолмен жұғатын аурулар, буллинг тақырыптарында тренинг өткізеді. Түркістан облысы мен Шымкент қаласында бұл бағыт бойынша тұрақты түрде жиындар ұйымдастырылады”, – дейді Альянс төрағасы. 

Түркістан облысы “Әйелдер күштері Альянсының” төрағасы, қазіргі уақытта қоғамда өзекті болып отырған мәселелерге де тоқталды: 

  • Бірінші мәселе – репродуктивті денсаулық. Әйелдердің көбі материалдық, әлеуметтік мәселелерімізді шешеміз деп өз денсаулығына мән бермейді. Сол себепті денсаулығына жауапкершілікпен қарайтын әйелдер санын көбейтуіміз керек. Себебі сау анадан – сау бала дүниеге келеді;
  • Екінші мәселе – ажырасу. Бізде Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде "Болашақ ана" мектебі ашылды. Ол мектеп әдістемелік орталық ретінде қызмет атқарады. Қыз баланы ана болуға үйретеді. Өмірден мысалдар келтіріп, отбасылық өмірдің мәнін түсіндіреді;
  • Үшінші мәселе – қаржылық сауаттың болмауы. Жастар мен ата-аналардың көбі қарызға батып кеткен. Бірі ойын-сауыққа ақша құртса, енді бірі баламның тойын өткізейін, тойда түскен қаржы ақтайды, деп несие алады. Соңында қарызға батады. Осылайша отбасыда жанжал болып, зорлық-зомбылыққа ұласып, соңы ажырасумен аяқталады. Осы мәселені шешу үшін халықтың қаржы туралы білімін жетілдіру керек;
  • Төртінші мәселе – тұрмыстық зорлық-зомбылық. 2024 жылдың 15 сәуірінде "Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы" заң қабылданды. Зорлық-зомбылық мәселесі құқықтық шаралармен ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік, экономикалық және мәдени өзгерістермен де шешілуі тиіс. Заңды реформалар, ақпараттық жұмыстар, әлеуметтік қолдау және тәрбиелік шаралар зорлықтың алдын алуға және салдарын азайтуға үлкен септігін тигізеді.

Баланың санынан сапасы маңызды

Жаннета Жазықбаеваның сөзінше, отбасы құрған кезде баланы да жоспарлау керек. Өйткені баланың санына сапасы маңызды. Оның үстіне, әйел өз денсаулығына уақытылы күтім жасағаны жөн, дейді. 

“Әйел мен ер адам уақытында денсаулығын тексеріп, дәрумендер ішіп, өз-өзіне күтім жасағаны жөн. Тағы бір маңызды мәселе жұмыс пен табыс көзі. Содан кейін  ғана баланы жоспарлауға көшкен жөн. Себебі, сау анадан сау бала туады. Мына қоғамда балаға қамқорлық танытып, мейірім көрсету, жөнді тәрбие бере білу де маңызды. Үйде баланың көзінше ұрысып, әкесінің анасын соққыға жызуы психологияға қатты әсер етеді. Бала отбасында не көрсе өскенде соны жасайды. Сол себепті, баланың сау психологиямен өсуі үшін де жағдай жасау қажет”, – дейді Жаннета Жазықбаева. 

Сондай-ақ ол болашақта қазақ қоғамында мықты әйелдердің саны көп болғанын қалайтынын жеткізді. 

“Мықты әйелдер – тек өз саласында жетістікке жеткен, білімі мен дағдылары арқылы қоғамға үлес қосып жүрген жандар ғана емес. Олар отбасында, қоғамда және әртүрлі әлеуметтік жағдайларда жауапкершілікті сезініп, көшбасшылық қасиеттерін дамытып келе жатқан әйелдер. Болашақта сауатты, білімді, өзінен кейінгі ұрпаққа дұрыс жол көрсете алатын әйел көп болғанын қалаймын. Ауа, жер, әлем бірімізге ортақ. Осы ортақ әлемді өзгертетін әйелдер. Кез келген қыз бала өзіне “мына өмірге не үшін келдім, менің миссиям қандай”, деген сұрақ қоюы тиіс. Қоғамға не үлес қоса аламын, деп ойлануы керек. Әр әйел өзіне инвестиция жасап, жаңа білім алуға ұмтылуы қажет, деп ойлаймын”, – дейді ол. 

Жаннета Жазықбаева, кез келген қыз ізденісте болып, жаңа білім алуға ұмтылуы қажет, дейді. Сөзінше, әйелдерді саяси өмірге белсенді араластыру үшін, түрлі мемлекеттік қызметтерге тартып, арнайы білім беріп, қолдау білдірген жөн. Болашақта елімізде мықты әйелдердің саны артса, ол қоғамның дамуына, тұрақтылығына және әл-ауқатына оң әсерін тигізеді. Бұл үшін қазақ әйелдеріне тең мүмкіндіктер беріп, олардың білім алуына, кәсіби даму мен әлеуметтік белсенділігіне қолдау көрсетуіміз қажет. Мықты әйелдер — қоғамның қайнар көзі. Олар әртүрлі салаларда көшбасшы болып, өзгелерге үлгі көрсетіп, қоғамды өркендетеді, дейді. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 11 Желтоқсан, 2024 15:47