Мьянмадағы құлдықтан босатылып шыққан турист қыз бірнеше айдан соң БАӘ-де жоғалып кетті
Мьянмада жарты жылға жуық құлдықта болған ресейлік қыз БАӘ-де жоғалып кетті. Дарья биыл көктемде босатылып, үйіне оралған. Алайда бірнеше айдан кейін БАӘ-ге барған ол 1 тамызда Дубайдан Шарджаға кеткеннен кейін байланысқа шықпай қойған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Mash арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жоғалар алдында ол анасына "Мен психиатриялық ауруханада жатырмын" деген үш секундтық видео жіберіп, кейін әлеуметтік желілерде анасын бұғаттап тастаған. Анасының айтуынша, Дарьяға психикалық бұзылыс диагнозы қойылған. Осыған байланысты ол өзін басқа есіммен таныстырып, өзі туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат айтуы мүмкін.
Қыз Мьянмаға шетелде модель-аудармашы болып жұмыс істеу туралы хабарландыруға жауап бергеннен кейін барған. Алайда нәтижесінде ол Янгон маңындағы алаяқтық орталығында шамамен жарты жыл болған. Дарьяның айтуынша, ондағы тұтқындарды ұрып-соғып, электр тоғымен азаптаған және оқшаулауда ұстаған.

Оған жергілікті күзетші көмектесіп, қашып шығуына жағдай жасаған. Ол қызға ғашық болған. Бостандыққа шыққаннан кейін Дарья Бангкоктағы адам саудасының құрбандарын анықтау орталығында болған. Кейін Ресейге оралған. Арада бірнеше ай өткен соң БАӘ-ге кеткен.
Қыздың анасы Ресей консулдығына жүгінген. Ол Дарья психиатриялық ауруханадан шыққаннан кейін елден депортациялануы мүмкін деп алаңдайды.