Мерт болған паралимпиадашы Нышан Өмірәлінің ақшалай жүлдесі отбасына берілмей қалды
Марқұм спортшы Нышан Өмірәлінің мұрагерлері Париждегі Паралимпиадаға қатысқаны үшін ақы алмаған. Спорт министрлігі заң бойынша мұндай қарастырылмаған дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Gov.kz
Спорт министрлігі Нышан Өмірәлінің мұрагерлеріне өтемақы беру үшін демеушілерді іздеп жатыр.
"Министрлік азаматтық кодекстің нормаларын негізге ала отырып, мәселені зерделеді. Осы заңнама аясында төлемдерді жүзеге асыра алмайтыны белгілі болды. Бұл ретте әділет министрлігіне аталған мәселе бойынша түсініктеме алу үшін тиісті сауал жолдадық. Сонымен қатар демеушілік қаражат есебінен Нышан Елубайұлының отбасына біржолғы төлем жасау мүмкіндігі қарастырылып жатыр", – делінген хабарламада.
Осы оқиғадан кейін әділет министрлігінің 2023 жылғы 28 шілдедегі №204 "Халықаралық спорт жарыстарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне, спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларының жаттықтырушылары мен мүшелеріне ақша төлеу және оларды қайтару қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды.
Еске салайық, жол-көлік оқиғасы 2024 жылдың 1 қазанында сағат 22:15-те Батыс Еуропа – Батыс Қытай тас жолының 542 шақырымында болған. Спортшы өзінің Nissan Maxima көлігін Түркістан облысынан Таразға қарай айдап келе жатып, жол бойында тұрған түйеге соқтығысқан.
Нышан Өмірәлі – Қазақстандық паралимпиада таэквондошысы, екі дүркін әлем чемпионы. 2020 жылы Токиода өтетін Жазғы Паралимпиада ойындарына және 2024 жылы Парижде өтетін Жазғы Паралимпиада ойындарына қатысты.