Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мені тыр жалаңаш көшеге қуып жіберді": Түркістандық келіншек депутат күйеуінің жасырын екі тоқал алғанын айтты

Сөзі бір басқа, ісі басқа. Әйелдердің тең мүмкіндігі жайлы жоғары мінберден әдемі сөйлейтін депутат өз әйелін сабайды. Кірді жеңімді түріп жуғаным үшін тыр жалаңаш етіп, далаға сүйреді. Бұл Іңкәр Сүлейменованың сөзі. Айтқаны ақиқат па? Әлде халық қалаулысын масқаралау үшін өтірік сұмдық құрастырып жүр ме?

Бұл туралы “Астарлы ақиқат” бағдарламасын сілтеме жасап Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Іңкәр Сүлейменова есімді әйел түркістандық келіншек депутаттың әйелі. Алайда 18 жыл бойы құлдықта болдым деп жылады. Күйеуі мен енесінің, қайын сіңлісінің тепкісін көріп өмір сүрген. Ал әйел теңдігі мәселесін көпшілік алдында қозғап жүрген депутаттың үйінде өз әйеліне күн бермей жүргені қалай?

“Күйеуімнің менен басқа екі әйелі бар. Оны менен жасырып алған. Бірде ауруханада тұрғанда бір оранған әйел қасында тұрды. Мен “бұл кім?” деп едім, кейін айтам деді. Ол әйел “Мен Жансеріктің әйелімін” деді. Мен шок болып қалдым. Жүкті болғандықтан ауруханаға келіп тұр екен. Кейін бәрін түсіндірді. Біреулерден одан 4 баласы барын естідім. Сол сәтте мені Умраға алып кетті. Күйеуім екеуміз кіші қажылыққа бардық. Бәрін ұмытасың деді. Солай біз әрі қарай тұра бердік”, – дейді Іңкәр. 

Айтуынша, күйеуі өте қызғаншақ адам. Тіпті болмашы дүние үшін шектен шығып, ақырында ажырасып тынған.

“Мен де орандым. Хиджаб кидім. Бір күні түнгі уақытта жұмыстарымды бітіріп алайын деп еден жудым да, суын далаға төгуге шықтым. Сол кезде жеңімді білегіме дейін түріп алған едім. Соны көріп мені ұрып тастады. Жеңіңді түргенше, тыр жалаңаш жүргенің жақсы деді. Солай мені тыр жалаңаш шешіндіріп далаға шығарып тастады. Мен “түнде ешкім көрмейді ғой, мен ыңғайсыз болғандықтан жеңімді түрдім” дедім. Ол тыңдамады. Кешірім де сұрадым. Бірақ намысыма келді. Бұл әрекеті шектен шықты. Сосын үйімдегілерге хабарласып, мені алып кет дедім. 18 жыл шыдадым. Шыдамым шегіне келді”, – деді ол. 



Іңкәрдің күйеуі Жансерік Сүлейменов кәсіпкер, жастар жанашыры, депутат. Түркістан облысы Сайрам ауданынынң мәслихат хатшысы қызметін 8 жыл атқарған. Қазір мансабы жоғарылап, облыстық мәслихатқа ауысқан. 

Әйелдерге тең мүмкіндік жасауды насихаттап бақандай бір облыстың дамуы жолында маңызды шешімдер қабылдап жүрген халық қалаулысы үйіндегі әйелдер мәселесін осылай шешіп жүрген бе? 

Іңкәр Сүлейменова енесінің де жұдырықтап ұрып, оған қайын сіңлісі қосылатынын айтады. Айтуынша, өзінің үйден кеткеніне екі ай болғанымен, жолдасы үшінші әйелін әкеп балаларымен бірге тұрып жатқан көрінеді. 

“Мен балаларыммен сөйлесіп тұрамын. Жолдасым үшінші жас әйелін әкеп алған. Балаларымды маған көрсетпейді. Олар менімен тығылып сөйлеседі. Маған кеткісі келеді. Оның бәрін желідегі диалогтерімізден көрсеңіздер болады. Тығылып мектепке барып кездесіп жүрміз. Маған 6 балам керек. Күйеуіммен қосылғым келмейді. Мен 18 жыл құлдықта болдым. Мен тек күйеуіме, енеме, қайын сіңліме ғана хабарласып жүрдім. Басқалармен сөйлестірмейтін. Өз үй-ішіммен де араласудан қалдым. Ондай өмірден шаршадым”, – дейді кейіпкер. 

Іңкәрдің анасы да 18 жыл бойы қызына шыдамды бол деумен келген. Ақырында қызының өмірін көріп, өзі үйге әкеп алғанын айтады. Сиыр сипағанды білмейдінің кері келді дейді ана.

“Артық ешнәрсе айтқан емеспіз. Балаларыңды ойла, өскен соң өмірің өзгереді деумен келдік. Күйеу бала оны түсінбеді. Шектен шықты. Ойына келгенін істеді. Әйел де алды. Ұрды да, соқты да. Құл секілді көрді. Сондықтан қызымды әкелдім”, – дейді қам жеген қарт ана. 

Ал әкесінің айтуынша, құдағиы ішкілікке жақын. Ішімдік көп ішеді, көшеде көп жүреді. Сондықтан үйде жанжал, ұрып-соғу, ұрыс-керіс көп. 

Іңкәрдің балалары анасына барғысы келмейтіндерін айтты. Әкемізбен қаламыз деп шықты. 

“Анам бізді тастап кетті. Ылғи кетіп қалады. Әкем оны қайта әкеледі. Бізді ойламайды. Біз не үшін оны сағынуымыз керек? Мамам бізге қарамай кетті. Телефонмен көп отырады. Сосын біз одан суып кеттік. Ана дегіміз келмейді. Әкемізбен қаламыз”, – деді қыздары. 

Анасы қыздарының амалсыздықтан сөйлеп тұрғанын, әкесінен қорқып әдейі осылай деуге мәжбүр деп ақталды. Себебі желі арқылы қыздары бәрін жасырын айтып отырады екен. 

“Әкем телефонымызды тексереді. Мен жасырын сөйлесіп отырмын. Қашан келесің? Қашан алып кетесің? Сізді сағындық”, – деген қыздарының жазбаларын көрсетті. 

Іңкәрдің күйеуі де, енесі де студияға келген жоқ. Балалардың жағдайын, кіммен қалатынын заң бойынша шешуге тура келеді. 

Талқылау