"Мені қамап тастайды": Алмас Өтешов қарызға батқанын айтып, спорт министрінен көмек сұрады
Ауыр атлет Алмас Өтешов қарызға батқанын айтып, спорт саласында жүрген адамдардан көмек сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Спорт саласының маманы “Уақыт көрсетеді” бағдарламасында сұхбат беріп, жан сырын ақтарды.
“Енді жұмыс істеп, еңбек етсем деймін. Көп дүниеге жолымды байлап тұрған қарызымнан жете алмай отырмын. Несиемнің бәрі жабылса, бапкер болып жұмысқа кірісуге ертең-ақ дайынмын. Қазір барлығы 15 миллион 400 мың теңгеден астам қарызым бар. Сенбесеңіздер жеке ЖСН-мен қарап алыңыздар. Жаңадан келген спорт министрі Ербол Мырзабосыновтан көмек сұраймын. Маған екі қолға бір күрек берсе, жастарға спорт бойынша білім беруге дайынмын. Жалпы министрліктен көмек беруін сұраймын. Сол ішімдіктің кесірінен көп дүниеден айырылдым", – деді спортшы.
Сондай-ақ ауыр атлет екінші әйелінің табысымен жан бағып отырғанын жасырмады.
“Алимент бойынша қарызым қанша болғанын білмеймін, экс-келіншегім қудалап, арыз жазып жатқан жоқ. Өйткені оған бауырларым, тәтем көмектесіп жатыр. Егер ол арыз жазса, барады да мені қамап тастайды. Қанша жылдан бері алимент төлемедім, немен төлеймін?! Менде жұмыс жоқ, әйтпесе менде жүрек жоқ дейсіздер ме?! Өзім жемесем де, сол үш балама беретін едім. Менде ешқандай табыс көзі жоқ, сөздің шыны керек, мені қазір екінші әйелім асырап отыр. Одан кейін арасында 50-60 мың теңге беріп тұратын достарым, ағаларым бар", – деп сырын ақтарды әлем чемпионы.
Еске салайық, спортшы ішімдікке салынып кеткенін мойындаған еді.