Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мен шаршап қалдым, көмектеріңіз керек": Аппараттарды Қазақстанға жеткізе алмаған Айнұр Тұрсынбаева бар шындықты айтты

Түркияда тыныс алу аппаратын алып, шет елден Қазақстанға жеткізе алмай жүрген Айнұр Тұрсынбаева желіде дабыл қағып жатыр. Санаулы сағат бұрын Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған айтыскер ақын инстаграмдағы тікелей эфирде барлық шындықты айтты, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.  

Айнұрдың айтуынша, еліміздегі бірнеше қор жинаған қаржыға 125 аппарат сатып алған. Бірақ қажетті затты жөнелтуде мемлекеттен қолдау болмай тұрған көрінеді. Тіпті, Тұрсынбаева президенттің баспасөз хатшысына тікелей хабарласқан. Алайда Берік Уәлиден әлі жауап жоқ! 

«Берік Уәлидің Whatsapp желісіне де жазып едім, бірақ әлі оқымапты. Барлығыңыз Берік Уәлиді белгілеп, репост жасап жіберсеңіздер. Шыдамым таусыла бастады. Неге ешкім кіріспейді, аппарат деген толып тұр деп ойласам, мұның осындай машақатын біліп қаша ма деген ой пайда болып қалды. Мұндай қиын екенін білгенде кіріспейтін едім деп ойлап қалдым. Алла мені кешірсін осылай әлсіздік танытсам. Достар, осы ақпаратты бәріңіз бөлісіп, бір амалын жасамасаңыздар мен шаршап қалдым», - дейді Айнұр Тұрсынбаева.

Желіде жанайқайын жеткізген ақын, Қазақстанда сырқатқа шалдыққандардың жағдайы үшін қатты алаңдаулы. Оның ойынша, халықтың жинаған қаржысы дер кезінде елдің игілігіне жарау керек. 

«Негізі менің шешем, туған апайым да ауырып жатыр. Өзімізге бір аппараттан алып берсем де болады ғой, мысалы. Менің таныс қызымның күйеуі жедел жәрдем жеткенше тұншығып қайтыс болып кетті, біздің Сараның туған (Тоқтамысова - ред) анасының сіңілісі қайтты, Жанат Бақыттың ағасы қайтты. Жеке азаматтар хабарласып, екі есеге сатып алайық деп жатқандар да бар! Бірақ бұл тек халыққа арналғаннан кейін менің әкем, менің шешем деген әңгіме жүрмеу керек», - дейді айтыскер ақын.

Тыныс алу аппаратына қатысты мәселелер мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта 125 құрылғы Қазақстанға жеткен жағдайда оларды қабылдап алатын мекеменің де шикілігі көп!  

«Алғашқыда СК «Фармация» деген мекеме қабылдап алып, өздері таратады дейді. Оған мен келісе салушы едім, бірақ Даулеттен, Жанат Бақыт, Эльмира Ешниязовалар, ақша жинаған кісілердің ешқайсысы келіспейді, сенбейді. Алдағы уақытта аппараттар саны көбейтуді көздеп отырмыз. Бүгін сөйлестік төрт жүз доллардан 500 аппаратты екі аптада жасап береміз деді. Бірақ жартылай төлеу керек. Біз енді ол ақшаны жинап беруге дайынбыз. Менің өз басым 100 аппараттың ақшасын кәсіпкерлердің басын қосып жинатқызып берсем, менің ойымша қиын емес. Бірақ оны тағы фармацевтикалар алып қойса, тағы да түсініксіз болып қала ма деп ойлаймын. Халықтың ақшасы болғасын, халыққа есеп беруіміз қажет қой. Кеденнен ақшасын төлеп өткізейік десек, олай өткізбейді екен. Аппараттарды, медициналық заттарды рұқсат қағазсыз өткізе алмайды екенбіз», - дейді «Айдың нұры» қорының жетекшісі.  

Қазіргі таңда аппараттардың бағасы шарықтап барады. Аталған құрылғыға қызығушылық танытқан елдердің көшін қырғызстандықтар бастап тұр екен. 

«Осыдан 10-15 күн бұл аппараттар өте арзан болған екен. Мысалы, жақында 300 доллардан сатса, қазір екі есеге көбейткен. Бұлар да бағаны көтеріп жатыр. Өйткені Қырғызстан, Өзбекстан өте көп алып жатыр екен. Қырғыздар 800 аппаратты алып кетіпті. Қырғыздар қалай алған? Қырғыздардың кәсіпкерлері бәрі жұмылған ғой. Оларды рұқсатсыз кіргізе береді. Екі жақты келісімшарт жасасқан болу керек. Сондықтан қырғыздар аппаратты Қазақстанға екі есеге сатып жатыр», - деп ашынды Айнұр ақын.

Айта кетейік, Түркиядан келетін тыныс алу аппараттары төрт сағат бойы үздіксіз қызмет етеді екен.

Талқылау