Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мен өзім жәбірленушімін": Қаржы пирамидасын құрды деп күдікке ілінген вайнер өзіне тағылған айыптарға жауап берді

Қаржы пирамидасын құрып, оны басқарды деген күдікке ілінген вайнер Мейіржан Төребаев мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Оның сөзіне қарағанда, ол қаржы пирамидасын құрмаған. Басқару ісіне де араласпаған.

"Қазіргі уақытта әлеуметтік желіде маған және тағы басқа адамдарға қатысты жаңалық тарап жатыр. Бәрі жақсы деп айта аламын. Айыптауға негіз жоқ. Адвокатпен шағым түсірдік. Бұл жаңалықты сіздердің назарыңызды басқа жаққа бұру үшін жариялап отыр", - деді Төребаев өзінің Instagram-да.

Блогер неге Mudarabah Capital құрылтайшысы емес екенін түсіндірді. 

“Бұл компания 2020 жылдың мамырында құрылған. Оған еш қатысым жоқ: 2020 жылдың қыркүйегінде ақша салып, төлемді күттім. 2020 жылдың қарашасында Mudarabah Capital директоры салым сенімді екеніне күмәнданбауым үшін ЖШС қатысушыларына қосылуды ұсынды. Мен одан да көп ақша салуды жоспарлап жүргендіктен, келістім. Мен компанияға тек 2020 жылдың қарашасында, ол нарықта белсенді жұмыс істеп тұрған кезде ғана қосылдым.

Мені қаржы пирамидасы схемасын ұйымдастырды, құрды немесе басқарды деу әділетсіздік. Бұл мүлдем бос сөз: барлық ақпарат бар, бәрін eGov сайтында тексеруге болады. Менің ойымша, полиция қоғамдық пікірді қолдан жасап отыр. Өйткені полиция мен билікке халықты қолдап белсенді мәлімдеме жасағаным ұнамайды және олар мені қылмыстық іске араластырғысы келеді. Осы мені қынжылтады. Мен мұның артында кім тұрғанын да болжап, біліп отырмын. Арамызда бұрыннан жанжал бар, ол туралы естіген де шығарсыз", - деген ол Tengrinews.kz порталына берген сұхбатында. 

Еске сала кетсек, Қазақстандық үш танымал вайнер қаржы пирамидасын құрып, басшылық етті деген күдікке ілінгенін жазған болатынбыз. 

Алматы қалалық соты Мейіржан Төребаев, Мейіржан Шерниязов және Азимжан Саидбаевтың істі болғанын растады. 

Олар Қылмыстық кодекстің 217-бабы ("қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету") 3-бөлігі 2-тармағы бойынша күдікті деп танылған. 

"Тергеу сотының қаулысымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының Төребаев пен Шерниязовқа қатысты 1000 АЕК (3 063 000 теңге) мөлшерінде кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхаты қанағаттандырылды", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Ал Саидбаевқа қатысты 2 айға сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтініш түсті, бұл өтініш те қанағаттандырылды.

Айта кетері, 2021 жылдың қазанында Mudarabah Capital компаниясының иесі Алматыда қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікпен ұсталды.

Талқылау