Мемлекеттік тілді оқымаған және тиісті деңгейде меңгермегендер тіл білмегені үшін қысым көрмеуге тиіс – Тоқаев
Бүгін Ассамблеяның сессиясында сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев тіл мәселесіне қатысты барлық пікірталас этникалық емес, азаматтық және саяси сипатқа ие екенін түсіну маңызды деп айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, мемлекеттік тілді оқымаған және тиісті деңгейде меңгермегендер тіл білмегені үшін қысым көрмеуге тиіс.
“Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді. Біздің қоғамда мемлекеттік тілді үйрену, оны білуге ұмтылу қалыпты жағдайға айналуы қажет. Қазақ тіліне сұраныс артқанда ғана ол көпшілік кең қолданатын тіл болады", - деді президент.
Сондай-ақ ол ешкімді ұлтына, тіліне, дініне қарап кемсітуге болмайтынын жеткізді.
“Әрбір азамат өз болашағын Қазақстанмен тығыз байланыстыруы керек. Сонда ғана халқымыз біртұтас ел болып тұра алады. Ешкімді ұлтына, тіліне, дініне қарап кемсітуге болмайды. Қоғамда мұндай ұстанымға сай бөлектенуге жол берілмейді. Әрқайсымыз – Қазақстан атты қасиетті қара шаңырақтың перзентіміз. Бәріміз – бүгінгі өмірі және болашағы – бір бауырлас азаматтармыз", - деді Мемлекет басшысы.