"Мемлекетке келтірілген залал 7 миллиард теңге": Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі ұзартылды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры А.Мұхамедиұлы мен басқа да тұлғаларға қатысты тергеудің жалғасып жатқанын мәлімдеді. Олар бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлау және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілері бойынша күдікті деп танылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Агенттік мәліметіне сәйкес, тергеу "Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі" халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ "Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу" және "Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру" жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізіліп жатыр.
“Бұдан басқа А.Мұхамедиұлының мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне "Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша Республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі" РМҚК, "Қазақ энциклопедиясы" АҚ және "Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты" ЖШС заңсыз беруге қатыстылығы тексеріліп жатыр”, – делінген хабарламада.
Тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген залалдың алдын ала сомасы шамамен 7 млрд теңгеге тең.
А.Мұхамедиұлының қамауда ұстау мерзімі 4 айға дейін, яғни 2022 жылдың 26 қыркүйегіне дейін ұзартылды.