Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мемлекет басшысы жастарға жаңа грант тағайындалатынын мәлімдеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған мақаласында тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген жастарға жаңа грант бөлінетінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі

ҚР президенті еліміздегі дарынды жастардың көп екендігіне тоқталды.

"Дарынды жастардың бәрі шетелде жүрген жоқ. Ел ішінде де білікті әрі білімді өрендер жетіп артылады. Біз оларды басшылардың жаңа буынын дайындауға барынша тартып жатырмыз. Менің бастамаммен құрылған президенттік кадр резерві – осының айқын дәлелі. Жобаның келесі кезеңінде қоғам мүддесіне адал көшбасшыларды іріктеуге ерекше назар аударамыз. Билік органдарындағы азаматтар, ең алдымен, ұлттық мүддеге берік болуға тиіс", - деді Тоқаев.

Бұған қоса, ол жастарға жаңа грант тағайындалатынын атап өтті.

"Жас келсе – іске" дейді халқымыз. Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан өскелең ұрпақтың осындай әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек. Осы орайда Президент жанындағы Жастар кеңесінің қызметін жандандырған жөн. Оны білікті әрі білімді жастарды жұмылдыратын жүйелі жұмыс алаңына айналдырамыз. Бұдан бөлек, мен азаттық жылдарында дүниеге келген, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында "Тәуелсіздік ұрпақтары" атты грант тағайындауды ұсынамын.

Біз не істесек те, бәрін келер ұрпақ үшін жасаймыз. Мемлекеттік саясаттың болашақ алдындағы жауапкершілігін терең сезінеміз. Бұл ұстанымнан ешқашан айнымаймыз. Ең ғажайып ерліктер Отанға шексіз сүйіспеншіліктен туындайтыны сөзсіз. Шын отансүйгіштік дегеніміз – жалаң ұран тастау емес, еліңе, халқыңа қызмет ету", - деп қосты мемлекет басшысы.


Талқылау