Мемлекет басшысы: Шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда жер мен шекаралас аймақтардағы елді мекендер туралы сөз қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Жер – басты байлығымыз. Туыңды тігер тоқымдай жерің болмаса, өз мемлекетің де болмайды. Бабаларымыз бізге ұлан-ғайыр аумақты мирас етті. Оны шашау шығармай сақтап, көркейту – біздің қасиетті борышымыз. Осы орайда, "Жеріміз шетелдіктерге сатылып жатыр" деген сөз ара-тұра айтылып жатады. Бұл – жалған ақпарат. Елімізде жерге қатысты түбегейлі шешім әлдеқашан қабылданған. Ол шешім заңмен біржола бекітілген. Түрлі дақпыртқа сеніп, жұртты дүрліктіретін жалған ақпарат таратуды доғару керек. Біз бабалар аманатына әрдайым адал боламыз. Шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз”, – деп атап өтті ол.
Тоқаев шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы жердің тұтастығына және елдің амандығына тікелей ықпал етеді дейді.
“Өкінішке қарай, шекара шетіндегі кейбір елді мекенде халық саны күрт азайып кетті. Бұған бір кездегі аудандарды біріктіру жөніндегі шешімдер де ықпал еткені сөзсіз. Облыстардың ішкі аумақтық-әкімшілік құрылымында ойланатын тұстар бар. Біз былтыр Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құрдық. Бұл шешім аймақтардың дамуына тың серпін берді”, – деп қосты президент.
Мемлекет басшысы алдағы уақытта Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтірілетінін мәлімдеді.
“Аманат" партиясы бірқатар шекаралас ауданды қалпына келтіру туралы бастама көтергенін білесіздер. Үкімет менің тапсырмаммен бұл мәселені пысықтады. Мен соған сәйкес Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы негізгі шешімді қабылдадым. Әрине, бұған арнайы дайындық керек. Қажетті есеп-қисабын жасап, қаражатымызға, бюджеттің мүмкіндігіне қарауымыз керек. Тиісті жұмыстың бәрін биыл аяқтап, алдағы екі жылдың ішінде осы үш ауданды қалпына келтіре бастаймыз. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан қарасақ та, өте маңызды мәселе. Осы мәселені көпке созбай, шешуіміз қажет”, – дейді Тоқаев.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік