Мектептегі смартфонға қатысты жаңа ереже қалай жұмыс істейді
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Қуанышқызы мектептерде ұялы телефон қолдануға қатысты жаңа тәртіп қалай жүзеге асатынын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет отырысынан кейінгі брифингте журналист оқушылардың смартфондарын мектепке келгенде қайда қалдыратынын және смарт-сағат пен басқа да гаджеттерге шектеу қойыла ма деген сұрақ қойды.
Министрлік өкілінің айтуынша, қазір оқу процесі кезінде ұялы телефон қолдану тәртібін біріздендіретін ереже әзірленіп жатыр.
Оның сөзінше, оқушылардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты талаптар "Білім туралы" заңның 47-бабында, ал ата-аналардың құқықтары 49-бапта белгіленген. Бұған дейін телефон қолдану тәртібін әр білім беру ұйымы өзі айқындап келген. Енді министрлік барлық мектепке ортақ тәсіл енгізуді көздеп отыр.

Жаңа талап бойынша оқушы сабақ кезінде ұялы телефонды қолданбауы тиіс. Тек мұғалімнің қысқа мерзімді жоспарында смартфонды оқу мақсатында пайдалану қарастырылған жағдайда ғана рұқсат беріледі.
Ал телефонды мектепке кіргенде мұғалімге тапсыру керек пе, сыныптағы арнайы жәшікке салу қажет пе немесе басқа жерде сақтау керек пе – мұны әр мектеп өзінің ішкі тәртібіне қарай шешеді.
“Бала сабақ кезінде телефон қолданбайды. Ал оны қайда және кімге тапсыратыны мектептегі жағдайға байланысты айқындалады. Кей жерде телефондар сыныпта сақталуы мүмкін, кей мектептерде арнайы жәшіктер қарастырылады. Мұны білім беру ұйымының өзі белгілейді”, – деді министрлік өкілі.
Демек, барлық мектепке ортақ “оқушы телефонды міндетті түрде мұғалімге өткізеді” деген бір ғана талап болмайды. Телефонды сақтау тәртібі әр мектептің ішкі ережесінде жазылады.
Журналистер ата-аналар нақты тәртіпті қайдан біле алатынын сұрағанда, министрлік өкілі бұл ақпаратты мектеп әкімшілігінен нақтылау керегін айтты.
Ал смарт-сағат, трекер және өзге де гаджеттерге қатысты жеке тәртіп әзірге нақты айтылған жоқ. Министрлік түсіндірмесінде негізгі талап сабақ үстінде ұялы телефон пайдалануға қатысты екені атап өтілді.
Тәліптердің билік басына келгеніне 5 жыл: Ауғанстанда не өзгерді?