Медициналық ұйымдарға Face ID жүйесін енгізген соң 5 млрд теңгедей бюджет қаражаты үнемделген
Фото: gov.kz
Елімізде жалған тіркеулермен күресу мақсатында пациенттерді цифрлық сәйкестендіру жобасы іске қосылған еді. Нәтижесінде 4,7 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет таратқан мәліметке сүйенсек, 4,7 миллионнан астам медициналық анықтама электронды форматта рәсімделген.
"Президенттің тапсырмаларын орындау үшін Қазақстанда денсаулық сақтау саласында цифрлық технологиялар қарқынды түрде енгізіліп жатыр. Бұл жүйенің ашықтығын арттыруға, медицина қызметкерлеріне жүктемені азайтуға және халық үшін көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Елімізде жалған тіркеулермен күресу мақсатында іске қосылған пациенттерді цифрлық сәйкестендіру жобасы нәтижесінде бюджетке 4,7 млрд теңге үнемделді. Face ID технологиясын қолдану негізсіз көрсетілген медициналық қызметтер санын 6% қысқартуға мүмкіндік берді", – делінген ресми хабарламада.
Бұған қоса ең көп сұранысқа ие 8 медициналық анықтама түрі цифрландырылған:
- 073/у "Көлік құралын басқаруға рұқсат беру";
- 075/у "Медициналық анықтама";
- 052-2/у "Баланың денсаулық паспорты";
- 026/у "ДКК қорытындысы";
- 069/у "Санаторий-курорттық карта";
- 076/у "Қару ұстауға рұқсат алу";
- 038/у "Уақытша еңбекке жарамсыздық туралы анықтама".
Үкімет мәліметінше, қазір "еңбекке жарамсыздық парақтарын" қағаз түрінде қолдануды толықтай алып тастау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"Медициналық ақпараттық жүйелердің функционалы оңтайландырылып, медицина қызметкерлеріне түсетін жүктеме 40%-ға дейін азайды. Маңызды қадамдардың бірі – биыл қыркүйектен бастап жасанды интеллект негізіндегі "дәрігер көмекшісін" енгізу", – делінген хабарламада.
Бұл диагностика үдерісін оңтайландыруға және қателерді барынша азайтуға мүмкіндік бермек.

Екі қыз анасыз қалды: Атырауда ер адам әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінді
