Мәжіліс депутаты: "Қазақстан-Қытай визасыз режимі – Құдайдың берген мүмкіндігі"
Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режимге қос тарап қол қойған сәтте дәл осы тақырып қоғамда қызу талқыға түскен еді. Ал депутат Данияр Қасқарауовтың айтуынша, бұл келісім біздің елдегі туризмнің дамуына орасан зор үлесін қосады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.
Қазақстан-Қытай визасыз режимі жайлы жаңалық БАҚ беттерінде тараған кезде халық қатты ашуланғанымен, депутаттар үнсіз қалған еді. Наразы жұрт өзі сайлаған мәжілісмендерге әлеуметтік желі арқылы сансыз сауал жолдап, түрлі сыни пікір жазған екен.
"Маған да жазады: "Саған сеніп отырсақ, сенің өзің үндемей отырсың" деп. Енді мен біреуден қорқып, бірдеңеден жасқанып, аузымды жауып отырған жайым жоқ. Ол жерде Үкімет басынан бастап Президентке дейін және мықты мамандар ойланып, толғанды. "Жау жоқ деме, жар астында" дейді. Жау деген Қытайдан емес, керек болса басқа мемлекеттен кез келген уақытта келе береді. Сол себептен біз бәріне дайын болуымыз керек. Бірақ құрлық асып, теңіз асып дамыған Америкамен экономикалық қарым-қатынас жасағысы келеді де, ал Америкадан экономикасы асып бара жатқан мына тұрған Қытай мемлекетінің болашағы зор ғой. Осы қолымызда тұрған, Құдайдың берген мүмкіндігін неге дұрыс пайдаланбаймыз? Бірақ халықтың пікірі орынды. Жан-жақты қарау керек. Екіжақты ереженің бәрі келісімшартта қаралған шығар. Кез келген уақытта шекараны жауып тастауға болады", – деді Данияр Қасқарауов.
Дәл қазіргі таңда мәжілісмендер екі ай мерзімге демалысқа кеткен. Бірақ кейбір депутаттардың көңіл-күйі жоқ. Өйткені сайлауға дейін уәдені үйіп-төккен олар ойдағы жоспарын әлі орындамаған екен. Данияр Қасқарауовтың айтуынша, "елге қай бетіммен қараймын?" деп отырған әріптестері де бар екен.
"Әріптестерімнің аттарын айтпай-ақ қояйын. Өзіне дауыс берген халыққа сол өңірде туындаған сұрақты көтереміз деген еді. Ол сұрақты көтерді. Бірақ соларға жауап ала алмады. Енді мына демалысқа шыққан кезде: "халыққа не айтамын?" деген ойда отыр. Бірақ ең бастысы сол мәселені көтерді. Алда әлі уақыт бар", – деді депутат.
Наурыз айының соңында өткен сайлауда жаңадан жасақталып, қызметіне кіріскен мәжілістің VIII шақырылым депутаттарының ант беру рәсіміндегі қобалжығын сәті қазнетте қызу талқыланған еді. Ауқымды аудиторияның алдында тілі күрмеліп, толқығандардың тізімінде дәл осы Данияр Қасқарауов та бар еді.
"Иә, қобалжу болды. Бірақ мен ештеңеден қобалжымаймын ғой деп сенімді барғанмын. Журналистерден қорқып, бірдеңеден сескену болған жоқ. Білетініңді білем деп, білмейтініңді білмеймін деп айту керек. Ойдан құрастырып, өзіңді ақылды қылып көрсету маңызды емес деп ойлаймын. Қанша дегенмен Парламенттің аурасы бар ғой, қаншама халық қарап отыр. Ант беретін жерде бәрі жазылып тұр. Қолыңды қой да, оқып бере салуға болар еді. Бірақ халық алдындағы екі ауыз сөз антты өз сөзіммен айтып берейін деп, қобалжыған кез болды. Бірақ менікін интернетте еш жерден көрсеткен жоқ сияқты. Соған қарағанда қатты шатаспадым ғой деймін. Қатты шатасқандар бар, олар "интернеттің жұлдызы" болды", – деді мәжілісмен.
ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Данияр Қасқарауов бұдан бөлек бірнеше құпияның бетін ашты. Ол дәл осы сұхбатта қазіргі айлығы туралы ашық айтса, журналистерден қашқан сәті қызу талқыға түскен әріптесі Ардақ Назаровтың әрекеті жайлы да өткір пікір білдірді.
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan Kz Youtube арнасынан көріңіз.