Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мәжбүрлі түрде көшіру керек": Үкімет басшысы үйін тастап кеткісі келмейтіндерді қалдырмау керегін айтты

Бүгін үкімет отырысында төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Бауыржан Сыздықов су тасқынына байланысты жағдайға есеп беріп, су басу аймақтарынан 119 мыңға жуық адам эвакуацияланғанын атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: ҚР ТЖМ

Вице-министрдің сөзінше, эвакуацияланғандардың 44 мыңнан астамы – бала.

Құтқарушылар мен жұмылдырылған барлық қызметкер тәулік бойы және өте қиын жағдайда жұмыс істеп жатыр. Қазір су тасқынын жоюға 32 мыңнан астам адам, 5 мыңға жуық техника, 310 жүзу құралдары мен 13 тікұшақ жұмылдырылған.

Сонымен қатар министр орынбасары қорғаныс, ішкі істер министрліктеріне, ұлттық қауіпсіздік комитетіне, мемлекеттік күзет қызметі мен ұлттық ұланға су тасқынын жоюда қосқан үлесі үшін алғыс айтты.

“10 өңірге авариялық және шұғыл жұмыстарды үздіксіз жүргізу үшін көптеген арнайы техника мен басқа да мүліктер жедел броннан шығарылды. Олар мен қосымша күштер Қазақстан темір жолы арқылы өңірлерге уақытылы жеткізілді. Қазір кейбір күштер өз аймақтарына оралып жатыр”, – деп мәлімдеді Сыздықов.

Сонымен қатар қазір мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірлер әкімдіктерімен бірлесіп зардап шеккендердің материалдық шығынын есептеп, төлем өтеліп жатқанын атап өтті.

“Құтқару және шұғыл жұмыстарды атқару кезінде тиімді әдістер мен тәсілдер енгізілді. Мысалы, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарында понтон көпірлерін орнату және тез арада су бұру арналарын салу әдісі қолданылды. Бұл шаралар көлік байланысын қамтамасыз ету мен су басу қаупін азайту мүмкіндігін берді. Зардап шеккендерді эвакуациялау және орналастыруға қатысты барлық мәселе шұғыл шешіліп жатыр, азаматтарға дер кезінде медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр”, – деді ол.

Айтуынша, құтқарушылар босанған әйелдерді құтқарған жағдайлар да болған, олардың барлығы ауруханаға аман-есен жеткізілді. Иелері тастап кеткен үй жануарларын да суда қалдырмай, қауіпсіз жерге көшіріп жатқан көрінеді.

Вице-министр жекелеген азаматтар үйлерін тастап кеткісі келмегенін айтты.  

“Олармен келіссөз жүргізуге көп уақыт кетті, бірақ эвакуация – олардың қауіпсіздігі үшін жалғыз шешім екенін түсіндірдік. Құтқару кезінде мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттарға, әйелдер мен балаларға басымдық берілді”, – деді төтенше жағдайлар министрінің орынбасары. 

Үкімет басшысы қауіпті аймақтардан тұрғындардың бәрін көшіру керегін айтты. 

“Мәжбүрлі түрде тұрғындарды көшіру керек. Ешкім қалып қалмасын. Орал қаласының өзіне су кірген жоқ. Соны айту керек, жеткізу керек халыққа. Саяжай деген төмен орналасқан. Арандатушыларды заң бойынша жауапкершілікке тартыңдар”, – деді Олжас Бектенов. 

Айта кетейік, төрт облыста су тасқыны салдарын жоюға бөлінген ақшаның 1 миллиард теңгесі жымқырылғаны анықталды. 

Талқылау