"Майқайың-алтын" кенішіндегі автобус апаты: Кеніш құтқарушыларына тиесілі заттар табылды
Павлодар облысы "Майқайың-алтын" кенішінде адамдар мінген автобус құлаған шұңқырдан құтқарушылардың заттары табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Telegram-арна Asaiyn Baikhanov
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов желідегі парақшасында бұл туралы хабарлап, шахта құтқарушыларының біріне тиесілі заттардың суретін жариялады.
"Майқайың-алтын" АҚ шахтасының іздестіру алаңында бүгін жаңа бөліктер табылып, жер бетіне шығарылды: құтқарушы каскасы, автобустың есігінің бір бөлігі және рация табылды", - деп жазды аймақ басшысы Telegram-арнасында.
Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, автобус пен жоғалған құтқарушыларды іздеу төртінші апта бойы жалғасып жатыр.
"Мүмкіндігінше тәулік бойы жұмыс істеп жатырмыз", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Павлодар облысындағы Майқайыңалтын кеніші маңында құтқарушылар мінген автобус шұңқырға түсіп кеткені хабарланған еді. Екі адамның денесі табылды. Ал тағы екі адам мінген жер астына құлаған автобус әлі іздестіріліп жатыр.
Майқайыңда тау-кен құтқарушысының қазасы үшін оның отбасына 4,5 миллион теңге уәде етілгенімен, орнына 2 миллион теңге ғана берілгені туралы жазған едік.