Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Mass Alert ескерту жүйесі: Алматы әкімдігі 31 мамырда Android иелерін дүрлікпеуге шақырды

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматыда Mass Alert төтенше жағдай туралы жедел құлақтандыру жүйесін іске қосу жобасы жүзеге асырылады. Бірінші кезең бойынша 31 мамырдан бастап жүйе Android құрылғыларын пайдаланушылар үшін іске қосылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Pixabay.com

“Ертең сағат 12:00-де Android мобильді құрылғыларын пайдаланушыларға қазақ, орыс және ағылшын тілінде “Алаңдамаңыздар. Халықты хабардар ету жүйесіне тексеру жүргізіліп жатыр. Не беспокойтесь. Проводится проверка системы оповещения населения. Remain calm. The public alert system is being tested”, – деген хабарлама келеді.

Екінші кезеңде iOS құрылғысының пайдаланушылары жүйеге қосылады.

“Mass Alert жүйесінің SMS-ке қарағанда бірқатар артықшылығы бар. Хабарлама мобильді оператор желісіне қосылған, сондай-ақ жеке таңдалған географиялық аймақтағы барлық абонентке келеді. Сонымен қатар жүйе желілердің шамадан тыс жүктелу жағдайында жұмыс істейді. Cell Broadcast технологиясының басты артықшылығы, қамту аймағындағы барлық абонентті бірден әрі жаппай ескертеді”, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар Mass Alert-ті Алматы төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, жер сілкінісі туралы ерте құлақтандырудың автоматты жүйесімен біріктіру жоспарланған.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 1 маусымға дейін жер сілкінісі туралы хабарлау жүйесін пилоттық режимде енгізу жоспарланып отырғанын жазған едік.

Талқылау