Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мәскеудегі шеру: президенттердің қайсысы барып, кім қатысудан бас тартты

Мәскеудегі Жеңіс шеруі бүгін, 24 маусымда, Нұр-Сұлтан уақытымен 13:00-де басталып, бір сағаттың орнына бір жарым сағатқа созылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі Жеңіс шеруіне баруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Мәскеу

БАҚ-тың хабарлауынша, Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 75 жылдығына арналған шеруге бірнеше мемлекет басшылары - Қазақстан, Беларусь, Өзбекстан, Босния және Герцеговина, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Сербия, Оңтүстік Осетия және Абхазия басшылары қатысады.

Шеруге АҚШ президенті Дональд Трамп, Қытай төрағасы Си Цзиньпин, Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон, Германия канцлері Ангела Меркель және басқалар шақырылды.

Германия канцлері Ангела Меркель Жеңіс шеруіне келмейді. Неміс депутаттары мұны елде әлі де карантин болып жатқанымен түсіндіреді және бұл тек азаматтарға ғана емес, саясаткерлерге де қатысты дейді.

АҚШ президенті Дональд Трамп бұл шараға қатысқысы келетінін айтты, бірақ соңында бас тартты. Бұл күні ол Польша президенті Анджей Дудамен кездеседі.

Хорватия президенті Зоран Миланович ұшақтың сынғанына байланысты сапардан бас тартты.

Әзірбайжан, Армения және Түрікменстан басшылары коронавирустың кесірінен өз елдеріндегі қиын жағдайға байланысты сапар шегуден бас тартты.

Чехия президенті Милош Земан, Франция президенті Эммануэль Макрон, Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ шақырудан бас тартты.

Украина президенті Владимир Зеленский Мәскеудегі Жеңіс күніне арналған шеруге шақырту алса да, оған келмейтінін айтты.

Жеңіс шеруі 9 мамырда өткізілуі керек еді, бірақ ол коронавирус пандемиясына байланысты кейінге қалдырылды. Содан кейін оны 24 маусымға ауыстыру туралы шешім қабылданды.

Беларусь посткеңестік кеңістіктегі шеруді кейінге қалдырмаған жалғыз ел болды. 9 мамырда Минскіде шеру өткізілген болатын.

Талқылау