"Маша мен аю" мультфильміндегі көлікке ұқсайды": Алматы облысының тұрғыны шақыртуға кеңестік жедел жәрдем көлігі келгеніне ашуланды (видео)
Алматы облысы Талғар ауданы Арқабай ауылының тұрғыны шақырту кезінде сигналдар және медициналық құрылғылармен жабдықталмаған "УАЗ" маркалы жедел жәрдем көлігі келгенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде тараған кадрларда әйел екі сағаттан бері жедел жәрдем күткенін айтып шағымданған. Бірақ ол кінәні жүргізушіден емес, көліктен көреді. Салонда кушетканың орнына орындық орнатылған. Ал видео авторы жедел жәрдем көлігі олардың әжесін ауруханаға қалай апаратынын түсінбейтінін жеткізді.
Ал желі қолданушыларының басым көпшілігі көлікті “Маша и Медведь” мультфильміндегі жедел жәрдем көлігіне ұқсатты.
"Талғар орталық аудандық ауруханасы жеделдік санатына байланысты шақыртуларға әртүрлі көліктер жіберілетінін хабарлады. Егер азамат өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін жағдайда болса, онда оған әдетте дәрігерлік амбулаторияларға бекітілген көліктер қызмет көрсетеді.
2023 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша Талғар орталық аудандық ауруханасының барлық құрылымдық бөлімшелеріндегі 29 нысанның (оның ішінде екі емхана, 27 дәрігерлік амбулатория) әрқайсысында бір көліктен бар", – делінген хабарламада.
Аурухананың баспасөз қызметі ауылдық дәрігерлік амбулатория тұрғындарына қызмет көрсету үшін төрт Damas Chevrolet жедел жәрдем көлігін сатып алатынын айтқан. Жыл сайын бұл флотты жаңарту жоспарлануда.