"Оңтайлы шешім табылды": Қорғаныс министрлігі күзгі әскерге шақыру кезінде жастарды көшеден күштеп әкетпейтінін айтты
Қорғаныс министрлігі күзгі әскерге қабылдау кезінде көшеде рейдтер ұйымдастырылмайтынын жеткізді. Әскери басшылықтың айтуынша, бұл жолы мерзімді қызмет құрамы неғұрлым өркениетті тәсілмен жасақталмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
ҚР ҚК Бас штабының ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбековтың айтуынша мұндай әрекеттер көктемгі шақыру кезінде болған. Бірақ күзде мұндай шаралар қолданылмайды.
“Өйткені мәселенің оңтайлы шешімін табуға мүмкіндік туды. Қазір әкімдердің идеология жөніндегі орынбасарлары жастарды тәрбиелеп жатыр. Сондай-ақ алғашқы әскери дайындық пәні бойынша мұғалімдермен тығыз ынтымақтастық орнатылды. Осы күзде әскерге 20 мыңнан астам шақырылушылар баруы керек”, – деді Фархат Айдарбеков.
Әскерилердің айтуынша, қарулы күштегі қайғылы оқиғалар туралы жаңалықтар әскерге шақыру қарқынына әсер етпеген. Қорғаныс министрлігі көптеген жастардың әскери комиссариаттарға өздері келетінін мәлімдеді. Тіпті қызметтен жалтарғандардың өзі профилактикалық жұмыстан кейін әскерге өз еркімен барады екен.