"Бір айда 500 мың теңгеден аса аламын": Қазақ жігіті Италияда маникюр жасап, табыс тауып жүр
25 жастағы қазақстандық Маден Нұрланұлы шетелде оқи жүріп, маникюр жасап табыс тауып жүр. Шығармашылыққа жақын жігіт сұлулық әлемінен бөлек, италиялықтарға ағылшын тіліп үйретіп, отандастарына виза алуға көмектеседі. Stan.kz тілшісі сегіз қырлы жігіттен бәріне қалай үлгеріп жүргенін сұрап білді.
Фото: Маден Нұрланұлының жеке архивінен
"Маникюр жасап жүргеніме екі жыл болды"
Қазір Маден Италиядағы Sapienza Università di Roma университінің "Еуропа құқығы" мамандығында 3-курс оқиды. Жігіт бұл елге келмес бұрын Қазақстандағы Сүлеймен Демирел атындағы университетте "Құқық" мамандығын тәмамдаған. Оқуын аяқтағаннан кейін заңгер болып 1 жыл жұмыс істеген. Алайда ол достарының шетел асып, оқуын жалғастырғанын көріп, елден кетуге одан әрі қызыға түседі. Қазақ жігітіне бір салада істей беру іш пыстырарлық іске айналған.
"Маған заң саласы ұнамады. Күн сайын бірсарынды еді. Осылайша магистратура туралы ойлана бастадым. Әсіресе шетелде оқығым келді, себебі достарымның көбі шетелге оқуға түсті. Олар мені де жігерлендіріп, шетелге түсіп, жаңа өмір бастауға итермеледі. Сол кезде маған заңгер болып жұмыс істеу қиын болды. Мүмкін, бұл менікі емес шығар... Әлде жұмыстың өзі сәйкес келмеді ме, білмеймін. Әрине, шетелге оқуға түсу дұрыс шешім болды. Комиссия құжаттарымды қабылдап, маған грант берді. Енді міне, екі жарым жыл өтті. Бұл қадамым өмірімді түбегейлі өзгертті", – деді Маден Нұрланұлы.
Фото: Маден Нұрланұлының жеке архивінен
Маденнің сөзінше, оның алдынын көптеген жақсы мүмкіндік ашылған. Маден сұлулық әлеміне кездейсоқ келгенін айтып берді. Отандасымыздың сөзінше, мүлдем маникюр жасайтын шебер боламын деп ойламаған.
"Бәрі досымның тойына дайындықтан басталды. Той Ыстамбұлда өтуі керек еді. Сол жерде достарыммен бірге өнер көрсететін болдық. Бұл танымал адамның тойы еді, содан кейін мен Италияға оқуға ұшуды жоспарладым. Бірақ мен визаға құжат тапсырып, оны уақытында ала алмадым. Себебі төлқұжатым консулдықта болды. Осылайша, тойға да, Италияға да бара алмадым. Бұл жағдай мені депрессияға түсірді, не істерімді білмей, визаны күтумен болдым. Сол кезде анам Еуропада бьюти-индустрия жақсы дамыған және сол арқылы жақсы табыс табуға болады деп кеңес берді. Тіпті Америкада бір маникюрге 100 доллар (1 доллар – 525,73 теңге), ал Италияда 50 еуро (1 еуро – 541,60 теңге) алуға болады деп айтты. Бұл ой қызықтырып, неге байқап көрмеске деп ұйғардым", – деді Маден Нұрланұлы.
Маден Нұрланұлы бала кезден сурет салғанды ұнатады. Қолының ұсақ моторикасы жақсы дамыған екен. Кейін жігіт маникюрге арналған курсқа қатысқан.
"Алғашқы күн өте ыңғайсыз болды. Себебі айналамда тек қыздар. Ал мен топтағы жалғыз жігіт едім. Қазақстанда жігіттің маникюр үйренуі сирек кездесетін нәрсе болғандықтан қатты қысылдым. Бірақ маған бұл ұнап қалды. Ол сурет салуға ұқсас болды. Себебі бір күйге еніп, тынығып, жұмыс істей бересің. Қысқа мерзімді курсқа қатысып, 7 күнде толықтай маникюр жасауды үйрендім. Сол уақытта визам да дайын болды. Әрине, досымның тойына үлгермедім. Бірақ Қазақстаннан маникюрге қажеттің бәрін: құралдар, стерилизатор, гель, лак сатып алдым. Еуропада маникюр арқылы табыс табуды ойладым. Себебі шәкіртақым жарты жылда ғана беріледі екен. Сол алты айда шетелде өзіме табыс тауып, күн көруім керек болды. Ал маникюр – өте жақсы идея болып көрінді", – деп түсіндірді Маден.
Фото: Маден Нұрланұлының жеке архивінен
Маден кейін Римде тұратын қазақтармен танысқан. Есімі біртіндеп "Сарафан радиосы" арқылы тарап, клиенттері көбейе түскен.
"Жұмысым жақсы жүріп жатты. Бірақ бір күні пәтерімнің иесі, италиялық менің бөлмемде маникюр жасау заңсыз екенін айтты. Бұл Италияда қауіпті саналады екен. Егер біреу біліп қойса, айыппұл салынуы мүмкін деді. Осылайша, клиенттерімді таратуға және салон іздеуге тура келді. Кейін бір салонмен уақытша келісіп, италиялықтармен жұмыс істей бастадым. Бұл жерде одан да көп табыс таба бастадым. Қазір маникюр жасап жүргеніме екі жыл болды. Бұл маған жеткілікті табыс береді. Тіпті шәкіртақымды мүлдем жұмсамаймын. Шәкіртақым – 700 еуро (379 400 теңге). Маникюр – өте жақсы табыс көзі. Басында бір адамнан 10 еуро алсам, қазір 30 еуро аламын. Салонда жұмыс істесең, гель үшін 50 еуро табуға болады. Ал дизайн ретінде "French" стилін қосқанда 50 еуродан бастап, күрделілігіне қарай 80 еуроға (43 360 теңгеге) дейін жетуі мүмкін. Бұл өте жақсы табыс көзі деп ойлаймын. Айына бәрін қосқанда 1000 еуродан (542 мың теңге) аса табамын. Бірақ әр кезде әр қалай табыс түседі", – деді Маден.
"Ағылшын тілінен жеке репетитор"
Маден Нұрланұлы қазір көбіне итальян тілін дамытып жүргенін атап өтті. Римде, Оңтүстік Италияда, халық ағылшын тілінде сөйлемейді екен. Оның айтуынша, ағылшын тілі тек Солтүстік Италияда, мысалы, Миланда жиірек қолданылады.
"Жалпы, университеттен басқа практикалық орта көп емес. Бірақ бұған дейін мен ағылшын тілін Америкада қолдану арқылы дамыттым. Сол кезде менің ағылшын деңгейім жақсы болды, тәжірибе жүзінде оны тағы дамыттым. Ағылшын тілін жақсы меңгергенмін, IELTS сертификатым бар. Көрсеткіші – 6,5 балл. Магистратураға түсу үшін тест тапсырдым. Сонымен қатар ағылшын тілінен жеке репетитор болып жұмыс істеймін. Негізінен, сөйлеу клубтарын өткіземін, яғни speaking бағытында сабақ беремін. Менің әдістерім өте қарапайым: ойындар, фильмдер арқылы үйренуге кеңес беремін. Мысалы, "мынау кесте, бәрін жатта" деп қысым жасайтын қатал мұғалім болғым келмейді. Өзім де кестелер арқылы жақсы түсінбеймін. Одан да әзіл-қалжың арқылы түсіндіру оңайырақ деп ойлаймын", – деді Маден.
Маден Нұрланұлы Америка визасын алуда тәжірибелі, 1,5 жылда үш түрлі виза алған. Алғашқысы Work and Travel бағдарламасы бойынша J1 визасы, екіншісі 10 жылдық туристік виза (Миланда құжаттары ұрланған), үшіншісі – қайта алынған виза. Қазір ол визалық сұхбатқа дайындау және құжат реттеу бойынша ақылы қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар, ол туризм саласына қызығушылық танытып, Еуропа турларын ұйымдастыруды жоспарлап жүр. Бұрын Париж, Рим, Барселона сияқты қалаларды туристерге таныстырған тәжірибесі бар. Қазір маникюр саласында жұмыс істесе де, заңгерлік білімін жеке кәсібінде қолдануды мақсат етеді.
Фото: Маден Нұрланұлының жеке архивінен
“Lady Gaga-ның хореографымен би биледім"
Маден Work and Travel студенттерге арналған бағдарламасы арқылы Америкаға да барған. Сонымен қатар отандасымыз Еуропаның түрлі еліне саяхаттап жүріп, студенттерге арналған Erasmus Project сияқты бағдарламалар арқылы Еуропалық Одақ елдеріне тегін барған.
"Лос-Анджелес, Лас-Вегас сияқты қалаларда болдым. Лос-Анджелесте Lady Gaga-ның хореографымен бірге би билеп, өте талантты адамдармен таныстым. Lady Gaga-ның концертінде болу деген ең үлкен арманым орындалды. Бала кезімнен оның өнерін ерекше жақсы көретінмін. Маған оны Лас-Вегаста көретін мүмкіндік бұйырды. Шынымды айтсам, маған VIP-билет алу бақыты бұйырды. Бала кезден бастап билеп жүрмін, бірақ кәсіби түрде емес. Би сабақтарына қатыспасам да, әуесқой ретінде билейтінмін. Лос-Анджелесте Lady Gaga-ның хореографы қолжетімді бағада шеберлік сабағын өткізетінін көріп, бұл мүмкіндікті жіберіп алмау керек деп шештім. Өзімді сынап көруге бел будым. Бұл керемет тәжірибе болды. Сол жерде бүкіл Лос-Анджелестің ең мықты бишілері жиналып, өзара жарысатын энергиясы ерекше орта болды. Әрине, мен ол деңгейден әлдеқайда алыста едім. Өйткені айналамда тек әлемдік жұлдыздардың бишілері жиналған", – деді Маден.
@madennurlan #ladygaga #almaty #sdu ♬ original sound - Stan :)
Бұдан бөлек Маден жеке әншілік қырымен танылып келе жатыр. Маден өзінің анасының сөзін еске алып, өмірде барлық дағды қажет болады деп түсіндірді. Отандасымыз бұл өмірде бірнеше істі қатар алып жүрудің (мультитаскинг) пайдасы көп екенін айтты.
"Заңгер ретінде де жұмыс істей аламын, нейл-артист ретінде де табыс таба аламын. Маникюр шеберлері әлемнің кез келген жерінде нан тауып жей алады. Мысалы, Америкада ТМД елдерінің маникюрі өте жоғары бағаланады. Онда мені, сөзсіз, жұмысқа алады. Өзімді үлгі аларлық тұлға ретінде санау қиын. Дегенмен, ең бастысы, бір жерде тоқтап қалмай, үнемі оқып-үйренуге, білімге инвестиция жасау қажет. Тіпті ол қысқа курстар болса да, маникюр, фриланс немесе басқа нәрсе болса да. Бәрін үйреніп, жаңа дағдыларды игеруге тырысу керек. Менің түсінгенім, өмірде не нәрсе болмасын, бәрі жақсылыққа жасалады", – деп түйіндеді Маден Нұрланұлы.
@madennurlan #италия #Рим #Алматы #казахстан🇰🇿 #студент ♬ sonido original - v☆l