Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстау облысында пойызға отырғызу кезінде жолаушы көз жұмды

Пойыз
Фото: rail-news.kz

Маңғыстау вокзалында Маңғыстау – Орал бағытындағы пойызға отыру кезінде ер адам көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға 3 қыркүйекте болған. Ер адам Маңғыстаудан Оралға бағыт алған №613 пойызына отыруға келген.

"Жолаушылар тасымалы" АҚ мәліметінше, жолаушы вагон маңында кенеттен өзін нашар сезінген. Пойыз қызметкерлері бірден жедел жәрдем шақырып, болған жағдай туралы полиция мен станция кезекшісіне хабарлаған.

Өкінішке қарай, оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметкерлері жолаушының қайтыс болғанын тіркеді.

Оқиғаға байланысты пойыз жоспарланған уақыттан кеш жөнелді. Оқиға орнында құқық қорғау органдарының қызметкерлері де жұмыс істеген.

"Маңғыстау – Орал бағытындағы пойызда жолаушының кенеттен қайтыс болуына байланысты Маңғыстау станциясындағы көліктегі полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алдын ала диагноз — өкпе артериясының тромбоэмболиясы", – делінген көліктегі полиция департаментінің хабарламасында.

Еске салсақ, бұған дейін Атырау - Ақтөбе пойызына билетсіз мінген жолаушы көз жұмғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Жұма, 04 Қыркүйек, 2026 21:17