Маңғыстаудағы итбалықтардың жаппай қырылуының себебі белгілі болды
2024 жылы күзде Маңғыстау облысында қырылған итбалықтардың сынамаларын зерттеу нәтижелерін микробиология және вирусология ғылыми орталығының зертханасының меңгерушісі Айдын Қыдырманов жария етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Әсел Баймұқанованың желідегі парақшасынан
Ғылыми орталық мамандары молекулалық-генетикалық талдау жүргізіп, жануарлардың миы мен өкпе тіндерінен вирус анықтады.
"Барлық сынамада вирус болды. Бұл – вирус нейроинфекциясы. Жануарлардың миынан вирус анықталуы, оның аурудың жалғыз себебі екенін дәлелдейді," – деді Айдын Қыдырманов.
Оның айтуынша, бұл вирус инфекциясы иммундық тапшылықтың кезеңінде дамиды. Бұл әлі ғылым толық зерттелмеген және теңіз сүтқоректілеріне тән ауру.
Айта кетейік, 2024 жылдың қазан-қараша айларында Түпқараған және Қарақия аудандарының аумағында шамамен 2000 өлі итбалық табылған.
Еске салайық, зерттелген аналық итбалықтардың жартысынан көбі буаз болған, ал барлық итбалықтар – семіз күйде болған. Гидробиология және экология институтының мамандарының пікірінше, бұл олардың өлер алдында жас әрі өмірге қабілетті болғанын көрсетеді.